Сәләфизмге тыйым салу басқа бәле болмай ма?

53 просмотров

Теология және философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетайдың ойынша, Қазақстанда сәләфизмге тыйым салғаннан кейін наразылықтар көбейеді, тіпті, қантөгістердің орын алуы әбден мүмкін.

Алайда еліміздің қауіпсіздік органдары оған дайын болса, сәләфизмге еш қиындықсыз тыйым салуға болады, деп хабарлайды Baq.kz.

«Әрине, наразылықтар болады… Мемлекетке наразылықтар болады, билікке наразылықтар болады. Тіпті, қантөгістер, террорлық актілер болуы мүмкін. Бірақ соның барлығы бір реттік, уақытша дүниелер. Ал оған тыйым салмасаң, ол мәңгілікке кетейін деп тұр. Қазақты екіге бөліп тастайды. Қазақтың мұсылмандығы, мәдени болмысының өзі екіге бөлініп кетеді. Баяғы анау дала мен қала (қазағы – авт.), оңтүстік пен солтүстік сияқты.

Бізді біреулер «южан» деп жатады. Мұның барлығы — кеңестер кезінде құрылған дуалдар.

Сондай дуалдың орнына сәләфизм келеді қазір. Сөйтеді-дағы, бізді «мүшриктер» деуі мүмкін. Өздерін таза исламның ізбасарлары деп жариялайды. Осылайша, тіліміз бір болуы мүмкін, я болмаса, олар орыс тілінде сөйлеуі немесе орыс тілділердің ықпалындағы сәләфилер болуы мүмкін. Мұның барлығы, түптің-түбінде, болмысты ыдыратады.

Ұлттың болмысы деген — мемлекетті құрып тұрған фундамент қой. Ал болмыс екіге бөлінсе, үстінде тұрған мемлекет түгіл кез келген нәрсе құлап түседі.

Мемлекет деген ол адамның денесі сияқты. Ол денеге вирус түсуі мүмкін, іріңдеуі мүмкін. Сол денені сақтап қалу үшін оны кесіп тастау қажет. Сонда ғана біз болмысымызды сақтай аламыз. Әйтпесе, мемлекетті не үшін құрдық? Қазақ болмысын, мәдениетін сақтап дамыту үшін құрған жоқпыз ба?», — дейді ғалым.

Оның айтуынша, сәләфизмге тыйым салу үшін алдымен арнайы органдар дайын болуы шарт.

«Біздің қауіпсіздік комитеті, прокуратура және басқа да күш құрылымдарымыз барлығы қанша сәләфи, қанша сәләфизм орталығы бар екенін білуі керек. Егер оны білмесе, проблема содан туындайды. Меніңше, олар кімнің немен айналысып жатқанын біледі. Біледі деген сенім бар да.

Егер мемлекетте сондай мәліметтер бар болса, онда ол тыйым салудан қорықпайды — тыйым салғаннан кейін тізімде, өздерінің бақылауында тұрған адамдарды бақылауды одан сайын күшейтеді де, қоя салады.

Жүдә, шектен асып бара жатса, сол кезде ұстап алып, отыра береді. Ал егер білмесе, онда қауіп бар. Ондай жағдайда Қауіпсіздік комитетінің өзі қауіпсіздіктен мақұрым деген сөз. Күштік құрылымның өзі күштік құрылым емес деген сөз. «Жоқ, олай емес, біз қанша адамның барын, қай жерде жүргенін білеміз» дейтін болса, онда олар тыйым салудан қорықпайды», — деп атап көрсетеді Досай Кенжетай.

Загрузка...