Румыния футболшысының алты тісі сынды. Біздің футболшылардың дөрекілігі жаға ұстатты

258 просмотров

Алаң иелері тарапынан болған әдепсіздіктерді елемеген төрешілерге де бірқатар сындар айтылды.

— Жеңіске қол жеткізе алмағанымыз өте өкінішті. Бізде гол соғуға мүмкіндіктер болды. Бірақ жасанды алаң мен Қазақстан құрамасының агрессивті ойынын ескерсек, тең түсу — бұл жақсы нәтиже. Мен Польшамен болған матчты көрген болатынмын.

Онда да төреші қазақстандықтарды дөрекі қимылдары үшін жазалаған жоқ. Олар бізді аяқтарымыздан, беттерімізден ұрды, бірақ арбитр ысқырмады

— деді Румыния құрамасының шабуылшысы Николае Станчу Digisport.ro сайтына берген сұқбатында деп хабарлады ҚазАқпарат.

Онымен Румынияның өзге де ойыншысы келісті. Қорғаушы Космин Моци қарсыластардың дөрекілігі қасақана болғанын мәлім етті.

Мәселен, матчтан соң қорғаушы Сапунару футбол алаңында болған екі үлкен соққыдан кейін ауруханаға жеткізілді. Digisport.ro-ның жазуынша, румыниялық футболшының алты тісі сынған. Ол екі аптадан кейін қалпына келетіні айтылуда.

Онымен қоса, Румыния құрамасының капитаны Драгош Григоренің мұрны сынса, жартылай қорғаушы Александру Кипчу бұлшық еттері ауырып, бірінші таймнан кейін алаңнан кетуге мәжбүр болды.

Сондай-ақ Sports.kz-тің жазуынша, Румыния құрамасының ойыншыларын матч алдында тонап кеткен.

Оқиға футболшылар Rixos President қонақ үйінде жаттығып жатқанда болды. Ел қонақтары ауа-райының қолайсыздығына байланысты жаттығуды қонақ үйде өткізуді шешкен.

Нөмірлеріне қайтып оралғанда спортшылар ақшалары мен жеке заттарының қолды болғанын анықтады. Жапа шеккендердің арасында Алин Тошка, Николае Станчу, Богдан Станку, Стелиано Филип, Овидиу Хобан және Эрик Бикфалви бар. Олардың ақшалары, планшет пен парфюмі жоғалды.

Еске салайық, 11 қазан күні «Астана Арена» стадионында ӘЧ-2018 іріктеу турында Қазақстан футбол құрамасы Румыниямен ойнады.

Тартысты болған кездесу 0:0 есебімен аяқталды.

Бірінші тайм екі команданың аңдысуынан басталды. Алдымен Богдан Станку 10-минутта қақпаны көздесе, көп ұзамай қазақстандықтар сапынан Сергей Хижниченко қауіпті сәт туғызды.

30-минуттарға жақын румын футболшысы Адриан Попаның гол соғатын мүмкіндігі бар болатын: Алайда, жартылай қорғаушы қақпадан қиыс кетті. Оның ізін ала Александру Крипчу қауіпті соққымен көзге түсті, бірақ доп қақпадан санаулы сантиметрден өтті.

Екінші тайм қазақстандық футболшылардың белсенділігімен есте қалды. Самат Смақов пен Исламбек Қуат кезектесе қақпаны бетке алды. Дегенмен соңғы минуттарда румындықтар қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, Қазақстан құрамасын қапыда қалдыра жаздады. Бірақ бос қақпадан допты алып шыққан Стас Покатилов есептің ашылуына жол бермеді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өз тобында екінші мәрте тең түсті және екі ұпаймен келеді. Келесі матч тура бір айдан соң, Дания құрамасына қарсы өтеді.

Загрузка...