Риодан соң Қазақстанның ауыр атлеттері жарыстардан бір жылға шеттетілмек

166 просмотров

Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Томаш Аян AFP агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанның дисквалификацияға ұшырайтынын мәлімдеді.

Бұған 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиадаларда спортшылардан алынған қан сынамаларының ірі тексерісінен көп спортшының ағзасында тыйым салынған заттардың анықталуы себеп болып отыр екен, — деп хабарлайды Vesti.kz.

— Рио ойындарынан кейін бұл елдердің ұйымға мүшелік етуін тоқтатамыз. Бұған кепіл бола аламын. Бұл елдер — Ресей, Қазақстан және Беларусь, — деді Томаш Аян.

Оның айтуынша, ендігіден бастап соңғы екі Олимпиадада үш спортшысынан допинг табылған құрама бір жылға дисквалификацияға ұшырайтын болыпты. Бастапқыда IWF Қазақстан мен Беларусьті Рио ойындарына жібергісі келмеген, бірақ халықаралық олимпиада комитеті өткен Олимпиадалардағы барлық алдыңғы допинг-сынамаларды тексеріп үлгермегендіктен тыйым сала алмаған еді.

— Қайта жасалып жатқан сараптамалар аяқталған жоқ. Қосымша мәлімет күтіп отырмыз, мүшелігі тоқтатылатын тағы бірнеше ел болады деп ойлап отырмын. Біз ауыр атлетиканы спорттың таза түріне айналдырғымыз келеді және оның бір ғана жолы бар — біздің ережелерді бұзатын елдерге тыйым саламыз. Қай елдің мүшелігі тоқтатылатынын қыркүйек айының соңында жария етеміз деп ойлаймын, — деді ол.

Ауыр атлетика федерациясының басшысы Токиодағы Олимпиадада бұл спорт түрінің абыройы басқа болады деп есептейді.

«Біз толықтай допингтен құтыламыз деп айта алмаймын. Бірақ мен сенемін, 2020 жылға дейін жағдай өзгереді», — деп мәлімдеді Томаш Аян.

Загрузка...