Бүгін ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының астанасы Рио-де-Жанейрода қазақтың көк байрағы желбіреді. Кешенді сынның басталуына екі күн қалғанда, олимпиада қалашығында ресми түрде Қазақстанның мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті.
Қазақстаннан бөлек Испания мен Түркияның және Сейшель мен Чад мемлекеттерінің тулары да ілінді. Ұйымдастырушылар шағын іс-шараны мәдени концертке ұластырып, Бразилияның тарихынан сыр шертетін билерімен бес елдің спортшыларына өз өнерін паш етті.
Қазақстандық делегация атынан Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Сәкен Мұсайбеков олимпиада қалашығының басшысына естелік сый тарту етті.
Айта кетейік, 5 тамызда жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты, ал 21 тамызда Олимпиаданың жабылу рәсімі өтеді деп күтілуде. Байрақты додада Қазақстан намысын 104 спортшы қорғайды.