Рио-2016: сегізінші күні бағын сынаған 4 боксшымыз да жеңіске ие болды

161 просмотров

Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының сегізінші күні қазақ боксшыларының күні оңынан туды.

Риода түнде өнер көрсеткен төрт боксшымыз да жеңіске жетіп, айқастарын ары қарай жалғастыру мүмкіндігіне ие болды.

Боксшыларымыздан алғаш болып, рингке шыққан 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз Олжас Сәттібаев алғашқы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, 1/8 финалға жолдама алды.

Оған Пуэрто-Рико боксшысы Джевьер Синтрон Окасио қарсылас атанған болатын. Қазақстандық боксшы жекпе-жекті өте қарқынды бастады, дегенмен қорғаныста сақтық танытпаған ол көп соққылар өткізіп алды. Нәтижесінде қазылар бірінші раундта жеңісті пуэрториколыққа берді.

Екінші раундта жинақы жұдырықтасқан Олжас Сәттібаев қарсыласынан едәуір мықты болды. Қазылар шешімімен қазақстандық боксшы екінші раундта үздік деп танылды. Соңғы раундта қарсыласын әбден танып алған қазақстандық боксшы Джевьера Окасиоға бет қаратпады.

Одан кейінгі боксшымыз 69 келідегі Данияр Елеусінов те қарсыласын ұтып, жартылай финалға қол жеткізді. Ол венесуэлалық спортшы Габриель Маэстрені жеңді. 30 жастағы Маэстре — бокстан Венесуэла құрамасының капитаны.

Одан кейін шаршы алаңға 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Василий Левит кубалық боксшы Эрисланди Савонды айқын басымдықпен ұтып, финалға жолдама алды. Левит қазақ боксшылары арасынан тұңғыш болып финалға шығып отыр.

26 жастағы Савон — 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлде иегері.

Василий Левит екі дүркін Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы. Ол Олимпиаданың ширек финалында мавританиялық Кеннеди Сен-Пьеррді тізе бүктірген болатын. Ал ең алғашқы жекпе-жегінде қытайлық Юй Фенкайды екінші раундта техникалық нокаундпен жеңген болатын.

Міне, Левит тұңғыш рет Олимпиада ойындарына 91 келі салмақта жолдаманы жеңіп алып, финалда өнер көрсететін болды. Одан алтын жүлде күтіліп отыр.

Ал төртінші болып шаршы алаңға 91 келі салмақтағы боксшымыз Иван Дычко басты қарсыласы әзербайжандық Могамедрасул Меджидовті екінші раундта техникалық нокаундпен ұтып, ширек финалға шықты.

Бұл Дычконың ары қарай Олимпиада ойындарын жалғастыруға үлкен мүмкіндік.

Могамедрасул Меджидов бұған дейін баспасөз беттерінде «Мен осыған дейін Дычконы екі рет ұтқанмын. Осы жолы да жеңіс менікі болады» деп жар салған болатын.

Алайда, бүгін жерлесіміз оны жарыс жолынан тайдырып, осыған дейінгі кеткен барлық есесін қайтарып алды.

Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын.

Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі ауыр атлетіміз Ниджат Рахимов пен Дмитрий Баландин 200 метр қашықтыққа жүзуден екі алтынды жеңіп алды. Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанды.

Бүгін Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 16-орында тұр.

Загрузка...