Ресейлік спортшылар Бразилиядағы Паралимпиада ойындарына қатыспайды

28 просмотров

Халықаралық паралимпиада комитеті (ХПК) Ресей құрамасын Бразилиядағы Паралимпиада ойындарына толығымен жібермей қойды. Бұл туралы ХПК басшысы Филипп Крейвен хабарлады.

Мұндай шешім Дүниежүзілік допингке қарсы агенттігінің (WADA) ресейлік спортшылардың допинг қабылдағаны туралы мәлімдемесіне сәйкес қабылданып отыр.

Крейвеннің айтуынша, ХПК- де Сочи қаласындағы қысқы Паралимпиада кезінде ресейлік спортшылардың сынамаларын ауыстырғанына қатысты дәлелдері бар.

Соған байланысты комитет 2014 жылғы Ойындарға қатысқан спортшылардың барлық анализдерін алдағы бірнеше айда қайта тексеріп шығады. Крейвеннің пікірінше, ресейлік допингке қарсы жүйе «әбден былыққа батқан және сыбайласқан жемқорлықтың жетегінде кеткен». Ресей ХПК шешіміне шағым түсіруді көздеп отыр.

Шілде айында WADA ресейлік допингке қарсы зертханалардың астыртын әрекеті туралы баяндамасын жариялады. Агенттік бұл айла-әрекеттерге Федералдық қауіпсіздік қызметінің қатысы бар деп есептейді. Осы баяндамаға сүйенген Халықаралық олимпиада комитеті және спорт федерациялары 100-ге жуық ресейлік спортшыны Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға жібермей қойды.

Загрузка...