Ресей жарты миллион тәжік мигрантына зейнетақы төлеуге дайын

17 просмотров

Тәжікстан мен Ресей арасында тәжік еңбек мигранттарын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім жобасы дайын, қазір екі ел сарапшылары келісімді жүзеге асыру тетіктерін талқылап жатыр. Бұл туралы Озоди радиосына Тәжікстанның еңбек, миграция және халықтың жұмыспен қамтылуы жөніндегі министрінің орынбасары Нуролло Махмадуллозода хабарлады.

Тәжік шенеунігінің мәліметі бойынша, Ресей аумағында жұмыс істейтін Тәжікстан азаматтарының саны соңғы екі жылда күрт ұлғайып, 2015 жылдың аяғына таман 500 мың адамға жеткен. Махмадуллозоданың айтуынша, ресейлік тарап заң жобасын Тәжікстан үкіметіне жолдаған. Қазір зейнетақымен қамтамасыз ету мәселесінде Ресеймен ешқандай қайшылықтар жоқ.

Жаңа келісімге сәйкес, ресми түрде жұмыс істейтін мигранттар Ресей үкіметіне әлеуметтік салық төлейді. Азаматтар зейнеткерлікке шыққан уақытта, бұл қаражатты Тәжікстан үкіметі қайтарып алып, мигрантқа зейнетақы төлей бастайды.

Еңбек мигранттарына зейнетақы төлеу – тәжік қоғамындағы өте күрделі мәселе. Тәжікстан азаматтарының Ресейге еңбек миграциясы 20 жылдан астам уақыт бұрын басталды. Зейнеткерлік жасқа жеткен мигранттар ешқандай әлеуметтік төлем алмайды. Бұл мәселе бұрыннан бері үкімет кеңселерінде талқыланып келіп, ел парламентіне енді жетті.

Загрузка...