Ресей озбырлығы суреттелген қырғыз азаттық көтерілісі туралы фильм „тұсауланып„ тұр

106 просмотров

1916 жылғы көтерілістен соң Ресей әскерінің қырғыз көтерілісшілерін басып-жаныштағанын баяндайтын «Үркін» фильмі әлі прокатқа шықпады. Фильм продюсерінің айтуынша, «ел басшылығы Кремльдің қабағына қарап отыр».

Қырғыз продюсерінің айтуынша, ел үкіметі Мәскеуді өкпелетіп алмау үшін 1916 жылғы патшалық Ресейге қарсы көтеріліс туралы фильмді көрсетуге рұқсат бермей отыр.  Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 150 мыңға тарта қырғыз опат болған еді.

Продюсер Мұхтар Атаналиевтің айтуынша, ол «Үркін» фильмін киноленталардың көрсетілуіне рұқсат беретін мекеме — Қырғызстанның мемлекеттік кино қорына шамамен үш апта бұрын өткізген, содан бері олардан хабар жоқ.

— Басшылық бұл фильм Ресей мен Қырғызстан арасында мәселелер туғызады деп үрейленетін сияқты, — деді Атаналиев Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Продюсердің айтуынша, Мемлекеттік кино қоры комиссиясы мұның алдындағы фильмдерін бірнеше сағат ішінде-ақ қарап, мақұлдап отыратын, ал бұл жолы оларға «батылдық жетпей жатыр».

Атаналиев Қырғызстанның тәуелсіздігі күні – тамыздың 31-іне немесе ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығына орай ескерткіш ашылған қыркүйектің 2-сіне дейін «Үркін» фильмі үкіметтен рұқсат алып қалар деп үміттенген.

Кейбір сарапшылар кинофильмнің әлі тексеруден өтпей жатуына қыркүйектің 16-сы қырғыз астанасы Бішкекке ТМД басшыларының саммитіне қатысу үшін Ресей президенті Владимир Путиннің келуі себеп болды деп санайды. Олардың айтуынша, бұл фильм туралы билбордтардың тұруы Мәскеуден келген делегация мүшелерін ашуландыруы мүмкін еді.

Алайда, Мемлекеттік кино қоры комиссиясының басшысы Урмат Айталиев өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарды.

Қыркүйектің14-і күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында ол «Үркін» фильмін арнайы комиссияның келесі аптада қарап шығатынын айтқан.

— Айына 10-20 фильм қараймыз… әрине, [«Үркінді»] көрсетуге мүдделіміз. Фильм шығарушылармен ынтымақта жұмыс істейміз әрі оларды қолдап отырамыз, — деді ол.

Ежелгі түркі тілінде «босу», «бытырау» деген мағына беретін «Үркін» оқиғасы Орталық Азияның барлық елдерінде түрлі формада өткен. Оған Ресейдің аймақты аяусыз отарлауы және патша үкіметінің Ресей армиясына Орталық Азиядан 220 мың сарбаз алу туралы жарлығы түрткі болды.

Халық отарлаушы елдің армиясы қатарында соғысуға наразылық танытып, бұл жарлыққа қарсылық білдірді.

Санкт-Петербургтегі шенділер көтерілісті күшпен басу үшін әскер шығарды, соның кесірінен адам қаны көп төгілді.

Загрузка...