Ресей Қазақстанға 1 млн 400 мың гектар жерді қайтарып берді

37 просмотров

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Батыс Қазақстан облысында 2 млн гектардан астам жерді жалға алған. Ресей тарапы 1 млн 400 мың гектар полигонды қайтарып берді.

Бұл туралы Аймақтық орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды BNews.kz.

«Қазір көрші елдің иелігінде жалға алынған 945 мың гектар жер бар. Ол үш санатқа бөлінеді. 150 мың га бірінші санатқа жатады. Мұнда тіпті кіруге рұқсат жоқ. Қалған жерде фермерлер мал бағып, шөп оруда. Бұл аумақта 97 шаруа қожалығы жұмыс істейді», — деп атап өтті БҚО Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов.

Биыл Ресей 1 млн 400 мың гектар жерді қайтарып берді. Қазір учаскелерді бөлуге қажетті құжаттар дайындалып жатыр.

Сонымен қатар үкіметтік деңгейде келісілуі тиіс тағы бір мәселе бар.

«Бөкей ордасы ауданы аумағы арқылы күн сайын 5 жолаушылар және 11 жүк пойызы өтеді. Олардың ешқайсы тоқтамайды. Мәселені тұрғындар үнемі көтеріп келеді. Бұл проблема шешіледі деген үміттеміз», — деп атап өтті Н.Рахымжанов.

Айта кету керек, Ресейдің «Азғыр» және «Капустин Яр» полигондарының аумағы Атырау облысы Құрманғазы ауданының солтүстік бөлігімен және БҚО Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарымен шектесіп жатыр. Мұнда 28 мың адам тұратын 39 елді мекен орналасқан.  

Загрузка...