Құрбан айтты ресми мереке қылу мәселесінде, әсіресе, қазақтар қарсы шықты — Амангелді Айталы

1 745 просмотров

Қоғам қайраткері Амангелді Айталы Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің атынан берілген ауызашар кезінде елімізде Құрбан айт мерекесіне ресми мәртебенің қалай берілгені туралы айтып берді.

Бұл туралы aktobenews.kz хабарлайды.

— Бұл оқиға 2004 жылы болды. Мен ол кезде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты едім. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының ақсақалдары маған бір сауал қойды. «Біздер Өзбекстанда да болдық. Ресейдің Татарстаны мен Башқұртстанына да бардық.

Осы бауырлас елдерде Ораза айт пен Құрбан айт ресми мерекелер ретінде тойланады. Біздің еліміз неге мұсылмандыққа бет бұрып, аталған екі мерекені ресми түрде тойламайды?» деді, — дейді Амангелді Айталы.

Осыдан кейін ол ауыл ақсақалдарының аманатын ҚР Парламенті Мәжілісіне жеткізген.

— Үлкен ақсақалдарымыз осындай игілікті істі мемлекеттен күтті. Сосын біраз мемлекеттің заңдарын оқып, танысып, «Мерекелер туралы» Заңға 4-бап қылып, діни мерекелер ретінде Ораза айт пен Құрбан айт және оған Рождество христово мерекесін де қосып, заң жобасын дайындап, Мәжіліске ұсындық. Мен және бір орыс депутат баяндама жасадық.

Бірақ біздің заң жобамыз өтпей қалды. Бұл заңға, әсіресе қазақтар қарсы шықты,

— деп өз қынжылысын білдірді бұрынғы депутат.

Дегенмен, бұл іс аяқсыз қалмапты. Айталының айтуынша, Мәжіліс отырысынан 2-3 күн өткеннен кейін  «Егемен Қазақстан» республикалық газеті ерлік жасайды.

Газетте «Біздің елімізде дінсіз депутаттар бар екен» деген мақала жарияланады.

Ақыры, мәселе қайта көтеріліп, ҚР Еңбек Кодексінде мұсылмандардың Құрбан айты пен православтардың Рождествосына ресми мереке күні ретінде мәртебе беріледі.

— Өзің кім болсаң, ол бол! Құдайсыз боласың ба?… Бірақ сені сайлаған халық негізінен діндар халық қой. Сен халықтың атынан келіп отырсың ғой. Бұл мемлекетте халықтың 70 пайызы мұсылмандар, — дейді Мәжілістегі күндерін еске алған қоғам қайраткері.

Загрузка...