Нұр-Сұлтан
Қазір
5
Ертең
9
USD
444
-0.47
EUR
475
+0.97
RUB
4.8
+0.04

Радикалды діни ағымды ұстанатындар жазаланады – Дін істері комитеті

Жалпы, комитет өкілінің айтуынша, қолданыстағы заң нормалары ұлттық қауіпсіздікке қайшы келетін діни қызметті тоқтатуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, осы құқықтық мүмкіндіктер одан әрі жетілдіруді қажет етеді.

– Заңнамадағы біздің ұсыныстарымыз миссионер ретінде тіркелмеген діни ілімдерді тарату жөніндегі қызметке жол бермеуді көздейді. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңдағы миссионерлік қызметке қатысты норманы ауыстыруды ұсындық. Бұл діни ілімді тарататын, әсіресе миссионер ретінде тіркелмеген радикалды діни ағымдардың жолын қуушыларды жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді, – дейді Бақытжан Күлекеев.

Айта кетсек, арнайы органдардың мәліметі бойынша, бүгінгі таңда елімізде 15 мың 500-16 мың шамасында жат діни ағым өкілі бар.

Бұдан бөлек, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни әдебиеттерді дайындау, басып шығару, тарату және оны әкелуге бақылау күшейтілмек. Оның айтуынша, қосымша норма заңнамадағы кемшіліктерді жояды.

– Заңның 9-бабы 3-тармағына сәйкес, дінтану сараптамасын жүргізбестен әкелінетін әдебиеттердің сандық көрсеткішін енгізу тиісті әдебиетті әкелу процесін реттейді деп ойлаймыз. Осы құқықтық кемшілікті жою, әлбетте, құқыққа қайшы келетін, соның ішінде экстремистік мазмұндағы діни материалдарды анықтайтын бақылау жүйесін жетілдіреді, – дейді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – діни туризмді жүзеге асыру тәртібін реттеу. Осы ретте, «Туристік қызмет туралы» заңға азаматтардың шетелге қажылыққа бару тәртібін мемлекеттік органдар анықтайтын нормалар енгізу көзделіп отыр.

«Осылайша, қажылыққа барған азаматтарымыздың радикалды идеологиямен улану мүмкіндігін айтарлықтай қысқартамыз. Жалпы, біз ұсынған заңнамалық шаралар ведомствоаралық жұмыс тобында бірауыздан қабылданды», – дейді Дін істері комитеті төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар, министрлік ұйымдастырушылық-институционалды бағыттағы кешенді шараларды жүзеге асырмақ. Біріншіден, 1 желтоқсанға дейін діни жиналыстарды және насихатты жүргізу, миссионерлік қызмет ету, сонымен бірге, елдегі діни әдебиеттердің айналымы мәселелері бойынша заңнаманы бұзуға жол бермеу туралы тұрғындар арасында қосымша ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

– Екіншіден, Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, діни жиналыстарды өткізу, құлшылық ету, діни насихат пен рәсімдер жүргізу, миссионерлік қызмет пен діни әдебиеттердің айналымына бақылауды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдар үшін әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу керек. Жалпы, дін саласындағы мәселелерді реттеу бойынша басқа да мемлекеттік органдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде және осы қолға алынып отырған кешенді шаралар өз нәтижесін береді деп санаймыз, – дейді комитет өкілі.

Еске сала кетейік, Ақтөбедегі оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі жаңа заң жобасын әзірледі. Аталған заң жобасы алты кодекс пен 18 заңға түзету енгізуді көздейді.

Осылайша, экстремистік және террорлық сипаттағы қылмыстар үшін жаза күшейтілмек. Бұдан бөлек, заң жобасына сәйкес, шетелге соғысуға кеткен адамдар Қазақстан азаматтығынан айырылуы мүмкiн.

Сондай-ақ, ҚР Ішкі істер министрі мәлімдегендей, жыл соңына дейiн полицейлер мен әскери қызметшiлердiң әскери дайындығы мен моральдық-психологиялық жағдайы тексерiлмек.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз