Радикаль топтардың жаппай қырып-жоятын қаруға қолы жеткен жоқ — Ерлан Қарин

30 просмотров

Еліміздегі «Терроризм» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің бәрін зерттей келе, 19 топтың жұмысына сараптама жасалды. Олардың 80 пайызы аңшы мылтығын қолданған. Демек, елімізде атқарылып жатқан істер нәтижесінде радикалды топтардың қолы жаппай қырып-жоятын жойқын қаруға жеткен жоқ.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеу институтының директоры Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды Bnews.kz.

— Жалпы болашақта терроризмге тойтарыс беру мақсатында қосымша қабылданатын шараларды негіздеу үшін тиісті заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Барлық бағытта. Қазір тиісті органдар сол заңнамалық өзгерістерді дайындау жұмысын бастады. Күзде Үкімет Парламентке ұсынады. Бұл обьективті, дұрыс бағытта жасалып жатқан жұмыс. 2003-2016 жылдар аралығындағы «Терроризм» бабы бойынша қозғалған барлық қылмыстық іске сараптама жасаған болатын.

Барлық өңірде. Соның нәтижесінде түрлі экстремистік істерге қатысы бар деген 19 топтың жұмысына сараптама жасалды. Қорытындысында «Радикалды топтарда қандай қару-жарақ бар?» деген сұраққа жауап іздедік. Басым көпшілігі, 80 пайызы қарапайым аңшы мылтығын қолданған. Яғни, бұл топтар осы уақытқа дейін үлкен, қауіпті қару-жараққа қол жеткізбеген. Мұны жетістік деп айтуға болады»,- деді Ерлан Қарин.

Саясаттанушы өзінің «Халифат» кітабын жазар кезде лаңкестік оқиға болған елдерге зерттеу жүргізген. Оның айтуынша, халифат ұйымына мүше болған француз азаматы Пәкістан арқылы Францияға барып, мектеп оқушыларын автоматпен қырып салған.

— Бізде «бақылаудан шығарып алды» деген айыптаулар айтылып жатады. Лаңкестердің қолы бүгінге дейін жаппай қырып-жоятын қаруға жеткен жоқ. Бұл да үлкен жұмыстың атқарылғанын көрсетеді. Әрі қарай да алдын-алу жұмыстары жүргізіледі,- деді Ерлан Қарин.

Ал теолог Асқар Сабдиннің айтуынша, лаңкестердің уағызы атыс-шабыс киносына, дәстүрлі дінімізді насихаттау деректі фильмге ұқсас екен.

«Қазір кез келген кинотеатрдан сұрасақ, атыс-шабыс кинолары мен блокбастерлерге сұраныс жоғары екенін айтады. Ал тарихи фильмдерді қарайтындар некен-саяқ. Сондықтан біз өз дінімізді заманауи технологияны пайдалана отырып насихаттап, жастарды қызықтыратындай етіп көрсетуіміз қажет. Кез келген идеология қарсы өз идеологиямызды жасап беретін болсақ, лаңкестік оқиғалар болмайды»,- дейді ол.

Загрузка...