Қазақстанның прокурорлары мен тергеушілері шетелде қалай жұмыс істеу керектігін де білмейді. Бұл туралы бүгін «Қаржылық тергеп-тексерудің және ұрланған активтерді шетелден қайтарудың ұлттық жүйесін дамыту» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде Бас прокурор Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Біріншіден, xалықаралық сауал жолдауды да дұрыс жаза алмаймыз. Біздің сауалдар шетелдік стандартқа сай келмей жатады. Тергеушілер жолдаған сауалдың мәтінін француз немесе неміс тіліне аударған кезде, құжат мағынасыз болып шығады екен. Шетелдегі әріптестерімнен бірнеше xат алдым. Олар бізге шағымданып отыр. Өйткені, қарапайым ғана мысал ретінде айтайын, олар біз жазған сауалдың мәтінін де түсінбей жатады. Бұл құжат кімге көбірек қажет? Әрине, бізге. Сондықтан шетелдік әріптестеріміз біздің тілді оңай түсіну үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бұл оңай емес. Бірақ, жүзеге асыруға болады» , – деді Жақып Асанов.
Сондай-ақ, ол прокурорлардың әлемдік стандарт пен шет мемлекеттердің талабын орындай алмай жататынын да айтты.
«Әсіресе, Еуропа одағы, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің талаптарын орындай алмай жатамыз. Әрине, тергеушілер мен прокурорларға оңай емес. Біз оларды бұрын оқытқан жоқпыз. Ал жеке өз күштерімен қосымша тәлім алу қиын. Біздің жеке методикалық базамыз да жоқ», – дейді Бас прокурор.
Айта кетейік, 24 қазаннан бастап Бас прокуратурада «Шетелден ұрланған активтерді қайтару» бойынша Бас прокуратура, Ұлттық бюро, Мемлекеттік кірістер комитеті және ІІМ қызметкерлерінің алғашқы тобы шет елдерден келген сарапшылардан білім алуда. Семинардың қорытындысы бойынша 10 ұлттық тренер дайындалатын болады.