Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданының Сейфуллин ауылында тұрғындар арасында бұзақылық іс-әрекеттер орын алды. Үш тұрғын дене жарақаттарын алып, дүкендердің бірінің терезесі сынды, – деп хабарлайды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлердің мәліметтеріне сәйкес, бұзақылық әрекеттердің орын алуына, Сейфуллин ауылы тұрғынының кәмелет жасқа толмаған бозбала тарапынан өзінің қызына жыныстық сипаттағы азғындық әрекеттер жасауы мүмкін деген ақпарат себеп болған.
– Аталған жайт Сотқа дейінгі бірыңғай тергеп-тексеру тізіліміне тіркеліп, ҚР ҚК-нің 121-бабы, 4-бөліміне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ата-анасының бақылауымен дәрігерлер жасөспірім қыздың тәнін тексеріп, нәтижесінде патологиясы мен дене зақымдары жоқ екенін анықтады. Сот-медициналық және психология-психотриялық сараптамалар тағайындалды. Күдікті ата-анасының жауапкершілігіне берілді, – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған бір топ азаматтардың бұзақылық іс-әрекеттерін тергеу бойынша аудандық ІІБ криминалистері мен тергеушілерінен жедел-тергеу тобы құрылды.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында аталмыш ауылға ішкі істер органдарының 170 қызметкері жұмылдырылды. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, облыс прокурорының, ішкі істер департаменті бастығының орынбасарлары Сейфуллин ауылының тұрғындарымен жиын өткізді.