Платонов деген кім өзі? Мұхтар Тайжан неге оған тиісіп жүр?

198 просмотров

Мұхтар Тайжан мен Артур Платоновтың арасындағы сөз таласқа қатысты қоғам белсенділері не дейді?

Еске салсақ, өткен сенбіде Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында комиссия мүшесі Мұхтар Тайжан Мәжіліс депутаты, «КТК» телеарнасындағы «Портрет недели» бағдарламасының жүргізушісі Артур Платоновқа ескерту жасап, одан телехабарларда жер реформасына қарсы наразылық білдірген азаматтарды қараламауды сұрады.

Мұхтар Тайжанның бұл мәлімдемесін бірқатар БАҚ беттері сол күйінде жариялады. Араға екі күн салып, Платонов Тайжанға жауап қайтарды.

Айдос Сарым

Платоновтың жауабы түсініксіз

Саясаттанушы Айдос Сарым Артур Платоновтың жауабын қанағаттанарлықсыз, ол әлі сөзін толықтыруы керек, деп санайды.

— Мұхтар Тайжан мәлімдеме жасаған күні Артур Платоновтың өзіне:

«Сен Мұхтарды хабарыңа шақыр, осы мәселені жақсылап ел алдында талқыландар. Сонда барлығы дұрыс болады»

деп айтқанмын. Мұның жөні солай еді. Ал Платоновтың берген жауабын интернеттен көрдім, ешнәрсе түсініксіз, — дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Мәселе — митинг туралы заңда!

Саясаттанушы Дос Көшім бұл арада мәселе митинг туралы заңда болып тұр, сондықтан оған өзгеріс енгізуді талап етуіміз керек, деп санайды.

Дос Көшім, саясаттанушы:

Дос Көшім

— Біздің елде митинг өткізуге рұқсат етілген, бірақ оған рұқсат беру құзыретін әкімдікке қалдырған. Ал жергілікті билік оған өлсе де рұқсат бермейді. Абайша айтқанда, бұл «Саптыаяқпен ас бердім, сабына қарауыл қойдым» деген секілді. Қарама-қайшылық осы арадан туып отыр. Мемлекет өзінің көзқарасын, пікірін білдіргісі келетіндерді жау көреді, төңкерісшілдер деп қорқады. Міне, осы түсінікті жою керек.

Бейбіт шеру өткізу үшін халық биліктен рұқсат сұрамауы керек.

Ал Платоновқа тағылған айып, әрине, ауыр. Оған «КСРО кезіндегі үркіту, қорқыту тәсілдерін «тірілтуді», ел ішінен жау іздеуді доғарыңдар» деді. Мен оның мәлімдемесінен бұған нақты жауап көре алғаным жоқ.

Платонов Кремльдің сойылын соға ма?

Ал атышулы «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай қазір Кремльге арқа сүйегендердің дәурені жүріп, ол айқын көрініс бере бастады, деп есептейді.

Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» журналының редакторы:

Жарылқап Қалыбай

— 25 жылдық тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан өзінің ұлттық идеологиясының дербестігі үшін үлкен іс жасаған жоқ. Сыртқы пішінін өзгерткенімен, оның ішкі болмысы кеңестік қалыпта қала берді. Оны сақтау үшін де талайлар тер төкті. Соның салдарынан бүгіндері ақпараттық қауіпсіздігімізді, экономикалық, кедендік қауіпсіздігімізді, әуе қорғанысы қауіпсіздігімізді Ресейге беріп қойдық. Мен өз саламдағы жағдайды жақсы білемін. Мысалы, біздің БАҚ-тың басым бөлігі Ресей мен ресейшілдердің сойылын соғады. Осыдан кейін Кремльге арқа сүйегендердің дәурені жүреді. Қоғамда бұл айқын көрініс беріп жатыр. Қазақстан — бөтеннің ықпалындағы вассал-мемлекет. Жалпы, бұл жақсы нәрсе емес. Қазақ халқына ол әлі үлкен қасірет әкеледі. Мұны халық іштей сезіп-біліп отыр.

Ал Платоновтың Тайжанға жауабы мынадай болған еді: «Тайжан мырзаның барлық «айыптаулары» бағытталған адамдарға емес, оның өзіне көбірек қатысты болып отыр. Ол бұл жерде қателесті. Ол өзі де ойланып, кейін түсінді, тіпті, тәрбиелі адам ретінде өкінді деп ойлаймын.

Өйткені ол кездесу барысында қызбалыққа салынып отырды. Мен оның әрекеттерінен күрделі, жағымсыз нәрселер көргім келмейді. Мұның барлығын мен өз елі үшін алаңдайтын, оған тек жақсылықтар мен гүлдену тілейтін азаматтың шынайы талпынысы деп білемін. Сонымен қатар, ондай ниеттегі адам жалғыз ол ғана емес екенін айтқым келеді».

Загрузка...