Петропавл қаласында екі қабатты жиһаз цехындағы өрт 2 сағатта ауыздықталды. Қызыл жалын 600 шаршы метр аумақты қамтыды. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.
Өрт салдарынан ғимараттың шатыры жанып кетті, қабырғалар мен ғимарат ішіндегі мүліктер бүлінді. Оттың шығу себебі мен шығыны анықталып жатыр деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпараттық тобы комитеті.
Биыл 4 тамыз күні таңғы 6 сағат 38 минутта 101 шұғыл желі байланысына Петропавл қаласы Абай көшесіндегі №16 мекенде орналасқан жиһаз цехының 2-қабатында от тұтанғандығы туралы ақпарат түсті.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі төтенше оқиға орнына таңғы 6 сағат 46 минутта келіп жеткен. Ол кезде ғимараттың басым бөлігі отқа оранып үлгерген.
Өрттің көлемі мен оттың қарқынды таралуын ескере отырып, шақыру орнына жеке құрамның 90 адамы мен 16 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.
Оның ішінде «Оңтүстік – Орал темір жолы» мекемесінің әскери өрт сөндіру командасы, «Өрт сөндіруші» мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің өрт сөндіру топтары, Апаттар медицинасы орталығының бөлімшелері, сонымен қатар қалалық коммуналдық және шұғыл қызметтері қатысты.