Павлодарда жылу құбырының сыртқы орамасы өртеніп кетті

32 просмотров

Павлодар қаласының солтүстік өндірістік аймағында жылу трассасы бойындағы құрғақ шөп өртенді. Төтенше жағдай орын алған жерге жеткен өрт сөндірушілер жарты шақырым аумақты жалмаған қызыл жалынды ауыздықтады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы Марал Сағынаеваның айтуынша, тілсіз жауды ауыздықтауға мамандандырылған екі бөлім жұмылдырылған.

— Оқыс оқиға орын алғаны туралы өрт сөндіру қызметіне хабарлаған куәгердің арқасында қызыл жалынға дер кезінде тосқауыл қойылды. Құбырларда «Павлодар жылу желілері» компаниясына тиесілі оқшаулағыш материал өртенген. Сонымен қатар, жылу трассасының бойында шөп жанған. Нәтижесінде 150 метр жылу трассасын есепке алғанда, жалпы аумағы 500 шаршы метр жер сөндірілді, — дейді М. Сағынаева.

Өрт сөндірушілердің пайымдауынша, тілсіз жау қурап қалған шөптің тұтануынан шыққан болуы мүмкін. Сондай-ақ, мамандар жылу трассаларында өрттің туындауына адами фактор себеп болады деген пікірде.

Загрузка...