Сібір жарасы дерті тараған Павлодар облысының Ертіс ауданына қарасты Ұзынсу ауылында төтенше жағдай жарияланды.
Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.
Ертіс ауданының әкімі Виктор Дубовицкийдің айтуынша, қазіргі таңда эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.
«Қазір ауылда республикалық санитарлық, сараптау орталығының төрағасы мен аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы жұмыс істеуде. Мамандар топырақтан сібір жарасының бар-жоғын анықтау үшін сынама алуда. Олар бұған дейін де алған болатын. Алайда басқа да мәселелер туындап отыр, ол жайлы айта алмаймыз.
Кеше карантин енгізген болсақ, ал бүгін төтенше жағдай жариялап отырмыз»,
– деп түсіндірді Виктор Дубовицкий.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, Ұзынсудағы жағдай бақылауға алынған, басқа адамдар індетті жұқтырмаған.
«Қазіргі таңда Ертіс ауданында науқастармен қарым-қатынаста болған 91 адам белгілі болды, соның 25-і аудандық ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің қадағалауына алынды. Павлодар қаласында ауруды жұқтырды деген күдікпен тағы төрт адам тіркеліп отыр», – деп түсіндірді облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандары.
Естеріңізге сала кетейік, 8-шілде күні Павлодардың облыстық инфекциялық ауруханасына сібір жарасын жұқтырды деген күдіктпен 51 жастағы ер адам мен 31 жастағы әйел жеткізілді. Арада бір күн өткенде Ертіс ауданының орталық ауруханасына дәл осындай жара шыққан үшінші науқас түсті. Оның қызуы көтеріліп, денесі қалшылдаған. Үш науқастың да диагнозы расталды.