Павлодар облысында Орталық Азиядағы ең ірі көпір өткелі салынып жатыр

60 просмотров

Бүгін Павлодар облысында Ертіс өзені арқылы өтетін Орта Азиядағы ең ірі көпір өткелінің орталық аркасын қосу жұмыстары басталды. Бұл көпір республикалық «Орталық-Шығыс» төрт жолақты автобанның бір бөлігіне айналады және Қазақстанның орталық бөлігін Ресей елінің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады.

Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды.

Облыс әкімі Болат Бақауов ұзындығы 476 метр Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің орталық аркасын орнау жұмыстарымен танысты.

— Қазір көпірдің эстакадалық бөлігінің орталық аркасы көтеріліп жатыр. Барлық аркалардың салмағы 1300 тонна, ал бұл металл құрылымы 50 метр биіктікке дейін көтерілетін болады. Үш аркалы көпірдің шеткі екеуі орнатылып, біреуіне вант қойылды.

Енді орталық арканы орнату жұмысы басталды. Алдағы бес сағаттың ішінде арка орнатылып болады. Бұл қиын технологияның бірі, себебі арканың екі шеті тең келуі тиіс, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Ерсін Сарин.

Айта кетерлігі, көпір жаңа технологияларға сəйкес вант тəрізді иілгіш көлбеу аспаларды қолданумен жасалынуда. Жобаның жалпы құны 53,9 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде көпір республикалық «Орталық-Шығыс» төрт жолақты автобанның бір бөлігіне айналады және Қазақстанның орталық бөлігін Ресей елінің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады.

Сонымен қатар, жаңа көпірдің ашылуы Ақсу мен Павлодар арасындағы жолды 15 километрге қысқартса, еліміздің шығыс өңірлерінен орталық аймаққа қатынайтын транзиттік көліктер қала ішіне кірмейді. Осылайша, жолды 40 километрге қысқарту мүмкіндігі туады.

Жобаның құрылысына 13500 металл құрастырылым, 150 000 текше метр бетон жұмсалды. Көпір өткелін салу барысына 900-ға жуық адам жұмылдырылған, олардың 743-і — облыс тұрғындары.

Жобаны жүзеге асырудың арқасында облыстық бюджетке 164 миллион теңге көлемінде салық түсті, ал республикалық бюджет 1,9 миллиард теңгемен толықты. Жергілікті бизнес өкілдерінен 2,9 миллиард теңгеге тауар мен қызмет түрі сатып алынды. Жоспарға сәйкес, көпір өткелі осы жылдың желтоқсан айында тапсырылуы керек.

Загрузка...