Отардағы оқыс оқиға: жараланған Ангола әскери қызметкері көз жұмды

94 просмотров

Отарда өткен әскери халықаралық жаттығуға қатысушы, Ангола қарулы күштерінің әскери қызметкері, қатардағы жауынгер Францишко Джордж көз жұмды.

Бұл мәліметті Мәскеудегі Ангола әскери атташесінің аппараты растады деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бірнеше күн бұрын ол жаттығу кезінде ауыр жарақат алған еді. Халықаралық әскери ойындарға дайындықта жаттығып, атыс өткізген Ангола командасында миномет жарылып, бір әскери ауыр жарақат алды. Команданың қауіпсіздік шаралары бұзылғандықтан және минометті екі рет оқ атқандықтан снаряд жарылған.

27-шілдеде ауыр жарақаттанған анголалық әскери Отар әскери госпиталіне жедел түрде жатқызылды. Алматыдан арнайы хирургтер жеткізілді. Ресей Федерациясынан мамандар бригадасы да келді. Әскери қызметкерге ота жасалды.

29-шілдеде Отардағы осы әскери бөлімге арнайы келген ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов снаряд жарылып, жарақаттанған анголалық әскерилердің халін сұрап, жағдайларымен танысты.

Армия халықаралық ойындары — 2016 әскери жаттығуы Қазақстанда бүгін, яғни 2 тамыз күні басталды.

Онда 13 елдің, яғни, Қазақстан, Ангола, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей және ОАР-дың әскери қызметшілерінен құралған командалар күш сынасады.

Загрузка...