Қостанайда емделушісіне дұрыс қызмет көрсетпей, жауапсыздық танытқан дәрігерлерге қатысты үкім шықты. Айыпталушылар қатарында нейрохирургиялық бөлім басшысы Владимир Верко және төрт хирург-дәрігер – Павел Ковалев, Марат Ахмадиев, Александр Петри және Данияр Қарағұлов. Бұл туралы top-news.kz хабарлайды.
Қостанай дәрігерлерінің оқиғасын сот осымен төртінші жыл қарап, ақыры үкім шығарды.
Данияр Қарағұловқа қатысты Қылмыстық кодекстің 114-бабы бойынша “Кәсіби міндеттерін лайықты түрде атқармау, денсаулыққа ауыр түрде зиян келтіру” деген айып алынып тасталды.
Ал қалғандарына – Верко, Ковалев, Петри және Ахмадиевке қатысты бір жылға бас бостандықтарынан айыру, үш жылға дейін медицина саласында қызмет көрсету құқығын шектеу туралы үкім шығарылды.
Сондай-ақ, сот Қостанай қалалық ауруханасын моральдық шығын ретінде Айсұлу Шаяхметоваға 200 мың теңге және материалдық шығын ретінде 62 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Естеріңізге салсақ, 2012 жылы ақпан айында Айсұлу Шаяхметованы теміржол вокзалы ауданында №38 автобус жаяу жүргіншілер жолағында қағып кетеді. Ол дереу ауруханаға жеткізіледі. Ауруханада қызды нейрохирургиялық бөлімге орналастырады. Алайда мұнда оған ешқандай ем-дом жасамайды, тіпті, кезекші дәрігердің күнделікті қарауына да ілінбеген күндері болған. Ақыры ақ халаттылардың немқұрайлығы салдарынан қыздың көзі суала бастаған.