Өткен тәулік ішінде Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын күзететін Қостанай шекара отрядының шекарашылары мемлекеттік шекараның әр аумағынан есірткі тасымалдамақ болғандарды ұстап, олардан жалпы салмағы 90 грамм есірткі тәркіледі.
Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, Қостанай шекара отрядына қарасты «Ақбалшық» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды «ВАЗ-21074» автокөлігімен Ресей Федерациясынан Қазақстанға қарай келе жатқан 2 қазақстандық және 1 ресейлік азаматты тоқтатуға мәжбүр болды. Шекаралық бақылау кезінде олар мінген автокөліктің алдыңғы орындығының астынан салмағы 60 грамм болатын есірткілік зат – «гашиш» табылды.
Аталған азаматтарға қатысты материалдар Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық ішкі істер бөліміне берілді.
Осы күні «Желқуар» бақылау-өткізу бекетінің шекарашылары да есірткімен шекарадан өтпек болғандарды ұстады. Атап айтқанда, мұнда да қызметтік иттің көмегімен Ресей Федерациясының екі азаматы анықталды. «Москвич» автокөлігін мініп, біздің елімізден Ресейге қарай жол тартып бара жатқан азаматтардың қолжүктерінен салмағы 20 грамм болатын «марихуана» шықты.
Аталған дерекке қатысты материалдар акт бойынша Қостанай облысы Жітіқара аудандық ішкі істер бөліміне берілді.
Есірткіге қатысты барлық істер бойынша өзара әрекеттес құқыққорғау органдары хабарландырылды.