Тәжікстанның Хатлон облысының соты Қорғантөбе тұрғыны Ахлиддин Машрабовты 201-ші ресейлік әскери базаның әскери қызметкері Алексей Буенковты өлтіргені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырды.
Күдікті қылмысын толық мойындады. Оның айтуынша, ресейлік үш жауынгер оны ұрып кеткен, солардың ішінде Алексей Буенков та болған. Машрабов кек алу мақсатында Буенковты өлтірген. Мемлекеттік айыптаушы соттан 22 жыл түрме жазасын сұрады.
40 жастағы ресейлік жауынгер Алексей Буенков биыл 31 шілдеге қараған түні Қорғантөбедегі мейрамханалардың бірінде өлтірілді. Сол күні Буенков пен Машрабов жанжалдасып қалып, арты төбелеске және кісі өліміне ұласты. Құқыққорғау органдары күдіктіні оқиғаның ізін суытпай ұстады.