Нұр-Сұлтан
Қазір
21
Ертең
19
USD
449
+0.08
EUR
478
+1.11
RUB
4.76
-0.01

Оралмандар «местный» қазақтармен жағаласпай жүрсін — профессор

342

тарих1Онсыз да елге келіп жәутеңдеп қалған ағайынның қазіргі жағдайы мәз емес. Заңның солқылдақ тұстарының көптігінен өзіне тиесілі жәрдемге, тіпті, құжаттарға қол жеткізе алмай жүргені қаншама? Жақында ғана ақпарат құралдарының Павлодардағы бір оралман ағайынымыздан  аяғы ауыр әйелін босандыру үшін дәрігердің 310 мың теңге талап еткен масқара әрекетін хабарлауы — соның бір айғағы.

Міне, біздің заң бойынша шетелден келген қандастарымыз азаматтық алып үлгермесе, тіпті, бізде  баласын тегін тудыра алмайды да екен. Бұл не деген масқара?! Осындай күрмеуі қиын келелі мәселелер сұхбатта жеткілікті деңгейде қамтылмаған. Енді сол сұхбаттан қысқаша үзінді келтіре кетейік…

Гүлнар Меңдіқұлова, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Гүлнәр Малбағарқызы, бұдан біраз жыл бұрын сіз «Қара жорға» қазақтың биі емес!» деп мәлімдегеніңізді білеміз. Бұған не себеп болды?

– «Қара жорғамен» біз Қытай қазақтары арқылы таныстық. Олар оны бізге алып келіп, қазақтың ұлттық биі ретінде танытуға барынша тырысты. Негізі, біздің бабаларымыз жауынгерлік рухты паш ететін әскери салт-дәстүрлік биді билеген. Ал мұндағы музыка бірсарынды, қимыл-қозғалысы да бірқалыпты. Сондықтан оның бабаларымыздың биіне түк қатысы жоқ деп ойлаймын.

– Ал бұл биді сопылар ойлап тапты деп айтуға бола ма?

– Мен бұлай демес едім. Жалпы, бұл арада сопыларды қозғаудың қажеті жоқ. Бірақ,

«Қара жорғаның» адамды трансқа түсіретін ерекшелігі бар.

Мұндағы қимыл-қозғалыстар да медитацияға жақын, сондықтан оның адам психологиясына жағымды әсері барына күмәнім бар.

Қазақстанда бұл би алғаш рет 1932 жылы «Айман- Шолпан» спектаклінде орындалған. Онымен біз Әли Ардобус пен Әубәкір Смайылов сияқты балетмейстерлердің нұсқасы арқылы жақсы таныспыз. Ал бүгінгі таңда Қытайдан тарихи отанына көшіп келген қазақтар бізге моңғол биін ұсынуда, әрі оны қазақтікі етіп көрсеткілері келеді. Бұл би Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар арасында кең таралған. Сондықтан мен мұнымен келіспедім. Әр нәрсені өз атауымен атаған жөн ғой…

– Мұрағаттарда осы биге қатысты қандай да бір тарихи деректер кездесе ме?

– Жоқ, бірде-бір жерде қазақ жігіттерінің «мас адамша қозғалып» билегенін кездестіргенім жоқ. Біздің, көшпелілердің табиғаты мұндай «мас» қимыл-қозғалыспен еш үйлеспейді. Майдан алдында ажалмен бетпе-бет келуге дайындалған батырларымыз қаруымен би билеген. Қимыл қозғалыстары айқын, шалт орындалған.

– Мұндай мәлімдеме жасаудан қорықпайсыз ба?

– Қазақ мәдениетінде мұндай бидің жоқ екенін біле тұра неге қорқамын? Мені қолдайтындар көп. Себебі, адамдар бұл бидің өздеріне жат екенін сезеді. Сізге, Эйфель мұнарасын қазақ салды десе, сенбейсіз ғой, солай емес пе? Бұл да сол сияқты…

– Отанына оралған қазақтар тақырыбын зерттеуге не түрткі болды?

– Менің докторлық жұмысымның тақырыбы – “Қазақ диаспораларының тарихы”. Оның оралмандар мәселесіне тікелей қатысы бар. 90 жылдардың басында қазақтар тарихи отанына жаппай орала бастады. Сондықтан бұл тақырыпты көтеру маңызды болатын. Менің еңбегімде қазақтардың тарихи отанына қандай жолмен келіп жатқанының нұсқалары зерттеледі. Әрине, келгендері жақсы ғой, оны бар ыждаһатамызбен құптаймыз. Бірақ бұл арада олар кім және  қалай оралып жатыр деген мәселені ескеру керек, яғни олардың қайтудағы себептерін зерттеу маңызды. Бұл олардың осында бейімделуі үшін қажет.

– Қазақтардың туған жеріне оралуына басқа да себептер бар ма?..

– Нені меңзеп отырғаныңызды жақсы түсінемін. Кейбір ғалымдар “қазақтар қазақ санын арттыру үшін келеді” деп орашолақ мәлімдеме жасап жатады. Мысалы үшін, мына бір мәліметке қаралық. 2015 жылдың басында 24 жылдың ішінде елге оралған қазақтар саны 956 мың деп көрсетіледі. Жобалап айтсақ, оралғандардың саны 1 миллионға да жетпейді. Сондықтан нақты санға сүйеніп, одан дүдамал қортынды жасауға асықпалық.

– Жергілікті халық оралмандарды жақтыра бермейтін жағдай қалыптасты. «Оларға жер, баспана, жәрдемақы беріледі, сонда біз тоқалдан тудық па?» деген әңгімелер айтылады. Осындай кертартпа жайттан арылудың жолы бар ма?

– Екі жақпен де жұмыс істеу керек. Біріншіден,

оралмандар өздерін әдепті ұстауы тиіс. Кеудесін қақпауы керек және осында тұрып келе жатқан адамдармен жағаласпағаны жөн.

Әйтпесе, шынымен де осында келе сала ауыздары көпіріп: «Мен тарихи отаныма оралдым» дейді. Иә, келген екенсің, ел қатарлы өмір сүр. Жұмыс істе. Осындағы тұрғындардың асына таласпа. Бір мысал келтіре кетейін, осыдан үш жыл бұрын Моңғолиядан келген «оралман» әйел  Көкшетаудағы мектеп директорының үстінен қайта-қайта арыз жазып қоймайды. Ол директор мектепке еңбегі сіңген адам еді. Ақыры, әйелдің арызына сенген жергілікті билік директорды орнынан алып тастап, оны директор етеді. Мені осындай жайттар таң қалдырады. Жұмыс істемейсіз, Сізге бәрін дайын етіп алдыңызға әкеліп беруі керек, бірақ олар бәрібір риза емес. Екіншіден,

Қазақстанға келіп, өз бетімен көтеріліп кеткен оралманды көргенім жоқ.

Әлемнің 35 елінде болып, ондағы қазақтармен жүздесе жүріп, мұнда кімдердің келіп, кімдердің қалып қойып жатқанын жақсы білемін.

Оларға жұмыс істеуге кім кедергі келтіріп отыр? Сосын оларда бір жаман әдет бар. Бірнәрсе болса, Президентке жазады. Бұдан жергілікті билік те қорқып қалған. Жоғарыдан тексеру келмесін деп солардың барлық айтқанын орындауға тырысады.

– Жалпы, оралмандарға осы ортаға сіңісуге не кедергі келтіріп отыр?

– Бастапқыда бұл орыс тілі еді. Бірақ, қазір жағдай өзгерді. Қазақтілді аудитория өсті, үлкейді. Оралмандарды қолдау орталықтары ашылды. Қазір дүкеннен бастап әкімдікке дейін олардың алдында тілге қатысты кедергі жоқ деп санаймын. Бір кездері қазақстандық қоғамның қандастарға деген ниеті түзу еді, бірақ олар «қылық» шығара бастағасын оралманға деген көзқарас та күрт өзгере бастағандай…

Қазір қоғамды оралман мен оралмандар емес деп бөлуге мүлде болмайды, әсіресе дағдарыс иектеп тұрғанда. Мұндайда бізге бір-ақ амал бар: ол — ауызбіршілік танытып, “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару”, сөйтіп бәріміздің қазақстандық екендігімізді дәлелдеу.

 

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз