Оралда дене шынықтыру сабағында оқушының саусағы кесіліп, салбырап қалды

525 просмотров

Бүгіндері мектеп қабырғасында оқушыға зақым келтіру фактісі бойынша қалалық ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады.
Орал қаласында №36 мектептің 6-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында футбол алаңында жүгіріп жүргенде балалар баскетбол сеткасына таласып, өзара жұлысқан. Өткір тор жібі оқушы қыздың сол қолындағы екі саусағын түп жағынан кесіп кеткен деп жазады «Уральская неделя«.

— Бұл оқыс оқиға 4-қазанда орын алды. Шамамен сағат кешкі бес кезінде. Маған мектептен қоңырау шалып: «Қызыңыз дене шынықтыру сабағында жарақаттанып қалды, оны келіп алып кетіңіз» — деді. Мен күйеуіме хабарласып, қызымды ала кел дедім, — дейді қыздың анасы.

Ал Асылбек Ғабдолов мектепке жеткенде қызы онда болмаған. Оған мұғалімдер қыздың жарақаты қатты болған соң жедел жәрдем көлігін шақыртқандарын айтқан.

— Ота жасап болған соң ғана дәрігер бізге қызымыздың екі саусағы кесіліп, салбырап қалғанын айтты. Төртінші саусағын сол күйі тіккен, ал ортаңғы саусақтың жартысы жоқ, онда да оның түбін тігіпті. Дәрігерден ол саусақты да бүтіндей тікпесе болмас па еді деп сұрадық. Бірақ дәрігер маған келгені осы ғана деді, яғни ауруханаға жеткізілгенде қыздың кесілген бір саусағы бүтіндей салбырап қалса, ал бірінің жартысы болмаған, — дейді зар еңіреген оқушы анасы.

Ал ертеңінде, 5-қазанда ата-ана бұл жайтты анықтау үшін мектепке барады. Спорт алаңында баскетбол сеткасы қайдан пайда болған, ол неге төмен орналастырылған, бойы 1 метр 36 см қыздың қолы оған қалай жеткен? Ең бастысы, баланы ауруханаға жөнелткенде медбикелер неге саусақтың бір бөлігін таппай қалған?

— Директормен дұрыстап сөйлесе алмадық. Ол бұл оқыс оқиға, оған қатысымыз жоқ деп қашқақтады. Ал торды құрылысшылар солай қойып кетіпті. Саусақтың бөлігін іздедік, бірақ таппадық деді. Онда да ашуланып, міндетсініп, қасарысып сөйледі. Бізге қандай да бір өтемақы төлеу олардың миларына кіріп те шықпайды. Ал біздің бала мектепте қатты зардап шекті. Қазір қызымыз түнде жылап оянады. Оған саусағының жоқ бөлігі түсіне енеді, — дейді Асылбек Ғабдолов.

Әділет таппаған ата-ана осындай қарым-қатынастан кейін құзырлы органдарға шағымданғанын айтады.

Загрузка...