Оралда дәрігерлерге жала жауып, елді дүрліктірген өтірікші әйел сотталды

74 просмотров

Оған 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бұл туралы Орал қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Орал қалалық сотының үкімімен Л.Баткаева ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы, 3-бөлігіне сәйкес, яғни „Ауыр қылмыс жасағаны туралы адамды айыптап, көрінеу жалған сөз жеткізу„ бойынша айыпты деп танылып, оның 3 жылға бас бостандығы шектеліп, пробациялық бақылау орнатылды.

Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Л.Баткаева биылғы маусым айының аяғында перзентханада босанғаннан кейін сәбиін мейірбикенің түсіріп алғаны жөнінде ішкі істер органдарына шағымданған.

Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тексеру жұмыстары басталды. Біраз уақыт өткен соң Баткаева айтқандарын өзгертіп, Д. деген азаматтың нәрестені ұрлап кеткені жөнінде хабарлаған. Осыған байланысты қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағына сәкес, яғни „Кәмелетке толмаған адамды ұрлау„ бойынша ауыстырылған. Алайда шілде айының ортасында сотталушы өз айтқандарының бәрі де жалған екендігін мәлімдеді. Сөйтіп ол өтірікті боратып, жұртты босқа дүрліктіріп жүрген болып шықты.

Тергеу кезінде қала прокуроры мен сотталушы арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Загрузка...