Қорғаныс министрлігінің 10 әскери спортшысы да Риодағы Олимпиадаға аттанады

29 просмотров

ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының 10 спортшысы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадалық ойындарға аттанады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Олимпиадалық жолдама иегерлерінің қатарында қазақстандық жеңіл атлетші капитан Ольга Рыпакова, жеңіл атлетші қатардағы жауынгер Михаил Красилов, былғары қолғап шеберлері аға сержант Біржан Жақыпов, ефрейтор Қайрат Ерәлиев пен ҚР Қарулы күштерінің қызметкері Жәнібек Әлімханұлы, ҚР ҚМ АОСК-ның спортшысы Юрий Юрков – оқ ату, 3-сыныпты сержант Евгений Алексеев – байдаркаларда есу, кіші сержант Ғалымжан Үсербаев – еркін күрес, ефрейтор Руслан Жапаров – таэквондо және заманауи бесайыста өнер көрсететін ҚР қарулы күштерінің қызметкері Елена Потапенко да бар.

Жақында ғана Қазақстан олимпиада құрамасының мүшелерімен Мемлекет басшысы кездесті. Елбасы ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшысы, ефрейтор Руслан Жапаровқа Мемлекеттік туды табыс етті.

Спортшылар жақсы дайындалып жатыр. Бұл Олимпиадада әрқайсысының өз мақсаты бар: алтынды еншілеп, рекорд жасау.

Загрузка...