Оппозиционер Козлов туған күнін түрмеде атап өтті

78 просмотров

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловпен кездесуден шыққан Әлия Тұрысбекова күйеуінің мерзімінен бұрын шартты бостандық күтіп отырғанын, бірақ жақын арада еркіндікке шығатынына толық сенімді емес екендігін айтты.

Азаттық радиосына сұхбат берген Тұрысбекова Қапшағай қалалық сотының 4 тамызда мерзімінен бұрын босату туралы шешімі күшіне енбей жатып, прокуратура үкімге арыз түсіруі мүмкін деп қауіптенеді. Сот қаулысына аппеляциялық тәртіппен арыз түспесе, онда үкім 19 тамызда күшіне енеді.

Шамамен екі сағатқа созылған қысқа кездесуден шыққан Әлия оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Козловтың көңіл күйі жақсы екенін айтты. Тұрысбекова күйеуіне азық-түлік пен киім апарып берген. Кездесу Козловтың туған күнінде өтті — бүгін саясаткер 56 жасқа толды.

Бүгін түстен кейін Козлов отырған Заречный қыстағындағы түрменің алдына саясаткердің жақтастары, әріптестері жиналады.

2012 жылы Владимир Козлов Жаңаөзендегі оқиға кезінде әлеуметтік араздық туғызды деген айыппен жеті жарым жылға сотталды. Козловтың өзі және оның жақтастары айыптардың саяси астары барын айтты. Қазақ билігі Козловты қудалаудың астарында ешқандай саясат жоқ деп отыр.

Загрузка...