Нұр-Сұлтан
Қазір
1
Ертең
2
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Оларды “гей” деуге моральдық қақыларың бар ма? Танымал журналист “Ninety One” тобын жақтап шықты

511

Аз жазады. Бірақ, айтары бар. Осы жолы ол атышулы Ninety One тобына қатысты пікірін білдіріпті. Ел айтып жүрген сыннан өзгеше екен. Оқылымды. Сайтымыздың жас оқырмандары не дейді екен бұған?

savle-abeldinova-akjunis

Сәуле Әбединова

“91” туралы сұрады. Айтайын… Менің балаларымдай ғана өрімдей жастар. Өз заманының сәнін қуған жасөспірімдер. Ауыздарынан ана сүті кеппеген деуге болады… Қабырғасы қатып, бұғанағы бекіп, қалыптасып келе жатқанда ТВ-дағы үлкен ағалары мен апалары олардың алдарына нені тосты – соны сімірді… оларды кәріс сериалдары тәрбиеледі… сол көрген “қаһармандарына” еліктеді.

Еліктеу жағынан жас тұрмақ, үлкендердің өзі алдымызға жан салмаймыз. Оларға не деп кінә артқандай-ақпыз???

Әрқайсысыңыздың дәл солардай, өрімдей балғын жасыңыз бар – біріңіздің ұлыңыз, біріңіздің қызыңыз, біріңіздің іні-қарындасыңыз…

Сондай жасты лайдан алып, боққа салдыңыздар, боқтан алып лайға батырдыңыздар. Қалай ауыздарыңыз барады? Қалай қиясыздар?

Сіз бен біздің жас кезімізде не сән болды? Кала-кала шалбар ма? Кидік пе? Кидік. Банан шалбар ма? Кидіңіздер ме? Кидіңіздер. Шаштарыңызды желкеге дейін жалбыратып өсіріп, “Битлз”-ге еліктетіңіздер ме? Еліктедіңіздер… Цойға ше? Оған да еліктедіңіздер.

Леонтьев “жұлдыз” болған жылдары ұл-қызға бірдей химка мода болмап па еді?

70-ші жылдардағы апаларымыздың суреттеріне қараңыздаршы – сандары жарқырап отыр…

Олар үшін де сол сән болған. Ол кездің қысқа етек көйлектерін “Тақиялы періштеден” де көруге болады… Ол заманда 1-2 телеарна болғандықтан, эфирден жылына 2 рет қазақша әндер естілгендіктен, ақпарат дәл бүгінгідей жылдам тарамағандықтан – сол сахнадағы концерттерден не ТВдан жастар нені көрсе – соны қайталады…

Яғни, жастыққа тән мінезі үшін, жастыққа тән қателігі үшін адамды соттауға, “өлтіруге”, “азғын” деп даттауға бола ма? Қалай ауыздарыңыз барады?

Сыртқы киім, форма – ішкі мазмұнды сипаттай бермейді. Олардың сыртқы түрі, киімі сондай екен деп оларды “гей” деуге моральдық қақымыз бар ма? Көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық па? Сахналық образ деген болады… Олар сахнада сондай образда көрінгенімен, өмірде сіз бен біздің балаларымыз секілді, бір шалбар, бір футболкамен жүрген балалар деп ойлаймын… ал енді оларды “гей” дегендеріңіз… обшым…. жап-жас балаға солай айтуға өзіңіз қалай ұялмайсыз?

Жоқ, ондай образдарын құптаймын демеймін. Бірақ түсінемін. Қабылдай алмаймын, бірақ “сендердің талғамдарыңды осылай қалыптастырып тәрбиелеген қазақ ТВ-сына қарғыс болсын” деймін…

“Олай киінбеңдер” деуге де қақым жоқ. Жеке шаруасы, ата-анасы да емеспін. Өз балаларымызға сөзіміз өтуі қиын қазір… Өз баламдай, баламен жағаласып, оларға аузыма келгенді “оттай” берсем, менің кім болғаным?

3l4eqk2sly4

Ал жарайды, олар “намыссыз” екен… ұлттық намыстан жұрдай екен… қазақ деген “ҰЛЫ” атқа лайық емес екен…

Сонда Сіз бен Біз бе ұлы қазақ?

“Ұлтын сүйген ұлы қазақ болсаңыз, қайсыңыз “Алаш” тобын тыңдап қарық қып тастадыңыз? Кім дәстүрлі ән тыңдайды? 10 адам шықса – оған да рахмет… Ұлттық келбеті бар, “Мен – Қазақпын” деп менмұндалап тұрған “Алашты” немесе “Қоңырды” барлық қазақ жақсы көріп, әндері ауыздан ауызға тарап, мыңдаған көрермендері залға сыймай жатқан кезі болды ма? Дәстүрлі әнді де тыңдамайсыздар ғой… “Інжу-Маржан”, “Мәңгілік сарын” сияқты ұлттық дәстүрлі концерттерге баруға ақшаларыңызды қимайсыздар… бәріңіз емес әрине, бірақ дәстүрлі өнердің жетімнің күйін кешіп жүргені – қазаққа керек болмай босағада қалғанынан.

Қайсыңыз ұлтшыл болып ұлттық басылымға – “ұлтымыздың басылымын қолдайық” деп, өз газет-журналдарын қызғыштай қорғаған кәріс пен ұйғыр, орыс пен өзбек сияқты – газет-журналға жазылдыңыз?

Сіздерге ұнамайды екен деп, “91”-дің тыңдаушысы азайып кетпейді, оларды жастар тыңдайды, жақсы көреді. Ал, үйдегі жасыңызды “тыңдама” деп тыйып көріңіз…

Байғұстардың Ақтөбедегі концерттеріне “срыв” жасап… 

Мықты болсақ, неге никабшыларды, хиджабшыларды, сақал қойма деп уахабиттарды тыймаймыз?.. Әрине, оларға күшіміз жетпейді…

Мысалы, біздің үкімет үш жүз бәленбай грант бөліп, діни оқуды оқытуға жастарды тартып жатыр – ал ол діни оқудың не екені бір Аллаға аян… уахабистердің басында шетелдерде оқып келген “имамдар” тұрғанын ескерсек – 323 грант бөлінген бұл діни оқу да күмәнді, ұлтымызға, мемлекетімізге келген “оба” емесіне, кім кепіл? Одан да мектеп, ЖОО бағдарламаларына Ясауи ілімін оқытуды енгізгеннің пайдасы әлдеқайда зор болмақ.  Бұл басқа әңгіме, жарайды.

Өнерге қадам басқан жастардың өнеріне табыс тілейік. Еліктеу-солықтауы да басылар, ақыл да тоқтатар…

Ал кәсібиліктеріне дауым жоқ. Дауыстары әдемі, таза, тұнық. Өнерлері өрлей берсін!
Ал, мені талап жеңдер…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз