Қобда тұрғыны қылмыскер тығылған сарайын көрсетті

35 просмотров

Қобда тұрғыны Ақтөбеден келген танысын үйге кіргізіп, қонақ еткені үшін басы бәлеге қалатынын мүлде аңғармаған.

Жантас Сүндетовты таңертең жергілікті полиция бөлімшесіне шақыртады. Сөйтсе оның ауласындағы сарайдан Ақтөбедегі оқиғаға қатысы бар іздеудегі күдіктінің бірі ұсталыпты, деп жазады aktobenews.kz.

— 7 маусым күні біздің танысымыз Гүлім қызымен бірге үйге келген еді. Олар бұған дейін біздің ауылда тұрған, ол келіншек менің әйеліммен бірге бір жерде жұмыс істеген. Олар 2012 жылы Ақтөбеге көшіп кетті. Гүлім маған «Біз Қобдаға қайта көшіп келетін болдық. Жалға берілетін пәтер іздеп жатырмыз. Бүгін сіздің үйіңізде қона тұрсақ» деді, — дейді Жантас Сүндетов жергілікті басылымға берген сұхбатында.

Артық ештеңе ойламаған үй қожайындары қонақтарын үйге кіргізіп, дастархан жайған.

«Таңғы сағат алтыда полиция қызметкерлері келіп, ұйқымыздан оятты. Мені бірден тергеуге алып, сарайға тығылып қалған адам жайлы сұрады. Мен ол туралы мүлде білген жоқпын. Ол адамды көрген де емеспін. Мен қайдан білейін, Гүлімнің күйеуі олармен бірге келіп сарайда тығылып жатқанын. Олар бізге айтпастан, мұны әдейі жасады. Мұндайларын білгенде, тіпті үйге кіргізбес едім», — дейді қобдалық Сүндетов.

Жантас Сүндетов полиция бөлімшесінде өзінен басқа тағы бірнеше отбасы үйіне жасырын кірген қонақтар бойынша тергеуге алынғанын айтады.

«Біз қазақылыққа саламыз да келген қонақтан күдіктенбейміз ғой. Енді басыма тиіп отыр. Олардың бір зияны тиіп кетуі мүмкін еді ғой», — дейді тұрғын.

5-маусымда Ақтөбеде теракт болған еді, соның салдарынан ондаған адам қаза тапқанын еске салалық. Қазақстанның барлық аумағында террорлық қауіптің сары деңгейі, ал Ақтөбеде қызыл деңгейі енгізілді. Шабуыл жасаған 13 адамның көзі жойылды, тағы төртеуі жараланды, алты лаңкеске іздеу жарияланған.

Загрузка...