Обама: АҚШ ұлтаралық қарым-қатынас мәселесінде ілгері басты

23 просмотров

АҚШ президенті Барак Обама өткен аптадағы наразылық акциясы кезінде өлтірілген бес полиция қызметкерін еске алып, ұлтаралық теңсіздік пен полиция қысымына қатысты өткір мәселелер өршіп тұрған ел тұрғындарын үміт пен бірлікке үндеді.

Обама 12 шілдеде Даллас қаласында (Техас штаты) полиция қызметкерлерін жерлеу рәсімінде сөз сөйледі.

«Біз ешқашан ашуға бой алдырмауымыз керек. Даллас, мен осыны айту үшін әдейі келдім. Көзге әртүрлі боп көрінгенімізбен, біз соншалықты бөлек емеспіз. Мен оны білемін, өйткені Американың қаншама қиыншылықты өткеріп, ілгері басқанын жақсы түсінемін», — деді Обама. АҚШ президенті Құрама Штаттардың ұлтаралық қарым-қатынас мәселесінде «ілгері басқанын» түсінуге «жеке өмір тәжірибесі» көмектескенін мәлімдеді.

«Бірлігіміз әлдеқайда күшті екенін біз біле бермейміз», — деді президент. Ол қайғылы оқиға кезінде полицияның «асқан шыдамдылық танытқанын» және «көптеген адамдардың өмірін сақтап қалғанын», ал қалғандары «ақ-қара деп алаламай, бір-біріне жәрдемдескенін» еске салып өтті. «Мен білетін Америка осындай», — деді Обама.

Даллас қаласында 7 шілдеде полицияның афроамерикалықтарға қатыгез әрекеттеріне қарсы ұйымдастырылған наразылық акциясы кезінде полицияға күш көрсетілді. Бес тәртіп сақшысы өлтірілді, тағы жеті полиция қызметкері мен екі тұрғын жараланды. Акция кезінде оқ ашқан афроамерикалық Мика Хавьер Джонсонды полиция арнайы роботқа орнатқан жарылғышпен жарып жіберді. 25 жастағы мергеннің АҚШ Құрлық әскерінің ардагері екені, Ауғанстандағы соғысқа қатысып келгені анықталды. Мика Хавьер Джонсон полиция қызметкерлерінің Луизиана және Миннесота штаттарында қара ер азаматтарды өлтіргені үшін кек алмақ болған.

Загрузка...