Нұр-Сұлтан
Қазір
2
Ертең
-1
USD
449
-1.43
EUR
484
-3.48
RUB
4.86
0.00

Оңтүстіктен Солтүстік Қазақстанға көшкендер өздеріне қандай жағдай жасалып жатқанын айтып берді

Бұл туралы BNews.kz хабарлайды.

Күнгейден қоныс аударған тұрғындар теріскейдің Ақжар мен Уәлиханов аудандарына тұрақтайды. Олардың жергілікті адамдармен етене араласып, сіңісіп кетуіне, жай-күйін түзеп алуына барлық жағдай жасалмақ.

Қоныс аударушы үйдің отағасына мемлекет тарапынан 105 мың, ал отбасының өзге мүшелеріне 75 мың қаржылай бір реттік көмек көрсетіледі. Баспанамен, жұмыспен қамтылады.

Бұған дейін Сарыағаштан 28 отбасы солтүстікке көшсе, олардың 16-сы квотаға қол жеткізіп, тұрмыс-тіршілігін түзеуге кіріскен.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, ішкі көші-қонды реттеу мәселесі бойынша сәуір айында семинар-кеңес өткізген болатынбыз. Жиынға облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен төрт облыстың атқамінерлері, ел азаматтары қатысты. Кейін 1000-ға жуық азаматтың 216-сы солтүстік өңірге көшіп баруға ниет білдірді. Бүгін, міне, тағы 50 отбасын жолға шығарып салып тұрмыз, – дейді аудан әкімі Бұхарбай Парманов.

Сарыағаш – Оңтүстіктегі демографиялық өсім жоғары аудандардың бірі. Мысалы, ауданда бір жылдың ішінде 10 мыңға жуық сәби дүние есігін ашса, 10 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Халқы тығыз орналасқан өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызды құрап отыр.

Айбүбі Дүйсенбекова Сарыағашта «екі қолға, бір күрек» таба алмаған соң, болашағын солтүстікпен байланыстырып, жаңа мекенде жаңа өмір бастауға бел буып, көшке ілесіп отыр.

– Екі баланың анасымын. Жасым 56-да. Ұлым ауыл арасында көлік айдап, адам тасып, нәпақасын тауып жүрген. Кейде оның азын-аулақ табысы бір отбасын асырауға жетпей қалады. Келінім, немерем бар. Қызым 8-сыныпқа көшті. Осындай ұсыныс ортаға тасталғанда олар солтүстік өңірге көшуге асықты. Мен де қарсылық танытпадым. Бәрі қазақтың жері, Отаны. Ұлым дәнекерлеуші қызметін жалғастырады. Келінімді балабақшаға тәрбиеші болып орналастырамыз деп отыр. Олар барып, үй-жайды, ауылды көріп келді. Нанымызды адал тауып, орнығып кетеміз деп ойлаймын, – дейді Айбүбі Дүйсенбекова.

Тұрғындардың ортаға тез сіңісіп, өз арбасын алға сүйреп кетуіне облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабай Ағабеков үлес қосуда. Ол жуырда қалтасынан қаржы шығарып, 50 отбасы иесін өздері қоныстанатын өлкенің тыныс-тіршілігімен таныстырып қайтқан. Бұдан бөлек, үй-жай сатып алуға да қаржыны бөліп отыр.

– Әзірге жергілікті әкімдікпен келісіп, екі ауданға қарасты 50 үйді сатып алып отырмыз. Бағасы 300-500 мың аралығында. Отбасы иелері жайғасып, мемлекет тарапынан көмегін алғаннан кейін үйдің қаржысын бірте-бірте қайтарар.

Сондай-ақ, мал, егін шаруашылығымен айналысатын ұжымдық шаруашылық құрмақпыз. Ол үшін шөп оратын, жер жыртатын қажетті техникаларды да сатып алып дайындап қойдық. Мақсатымыз – игерілмеген жерді игеріп, Солтүстік Қазақстан облысының экономикасын көтеруге атсалысу, – дейді облыстық мәслихатқа осы ауданнан сайланған Жаңабай Ағабеков.

Солтүстікке бет түзегендер мал, егін шаруашылығынан бөлек жылыжай ісін де дамытпақ. Өйткені сарыағаштық тұрғындар жылыжай ісін жетік меңгерген. Ауданда 700-ге жуық жылыжай бар, онда 11 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Сарыағаштағы жылыжай, сауда-саттық ісін солтүстікке барып жалғастыруға ниет еткен кәсіпкердің бірі – Нұржан Әбжанов.

«Әйелім, екі ұл, бір қызымды алып, Солтүстік Қазақстан облысына табан тірегелі тұрмыз. Сол жақты көріп, төрт күн бұрын ғана келдім. Енді, міне, отбасыммен көшіп бармақпын. Бұйыртса, ол жақта да жылыжай ісін қолға алып, 1 гектар жерге өнім егеміз деп отырмыз.

Біз қоныстанатын Ақжар ауданы Ресейдің Омскі қаласына жақын орналасқан, 70 шақырым. 3 миллионнан астам халқы бар. Өнімдерімізді сонда өткізіп, оңтүстіктің қазағилығын, еңбексүйгіштігін насихаттап, жақсы қырынан танытамыз», – дейді ол.

Осылайша, Сарыағаштан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударушыларға «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалының ресми өкілі мен аудан әкімі Бұхарбай Парманов, тағы басқа ел азаматтары амандық тілесіп, көршілері мен ауыл тұрғындары жүктерін көлікке тиесіп, алыс жолға аттандырып салды.

Енді екі аптадан кейін тағы 50 отбасы Елбасы мен облыс әкімінің бастамасын қолдап, солтүстік өңірге көшпек.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз