Оңтүстік Қазақстан облысында аккумулятор ұрлауды кәсіп еткен екі азамат құрықталды

44 просмотров

Облыстық тәртіп сақшылары аккумулятор батареяларының ұрлығы деректеріне қатысты Түлкібас ауданының екі тұрғынын құрықтады. Олар көрші Сайрам ауданынан, басым бөлігін «Камаз» жүк көліктерінен ұрлап келген екен.

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Биыл 6 тамыз күні Сайрам аудандық ішкі істер басқармасына 66-жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Түнгі уақытта белгісіз тұлғалар оның «Камаз» жүк көлігінен 2 дана аккумуляторды ұрлап, жалпы 80 мың теңгеге жуық шығын келтірген.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Сайрам аудандық ішкі сітер басқармасының қызметкерлері 1978 және 1996 жылдары туылған Түлкібас ауданының екі тұрғынын күдікті ретінде құрықтады.

Тергеу барысында күдіктілердің аккумулятор ұрлықтарының 9 жайтына қатыстылығы анықталды. Белгілі болғандай, олар түрлі жолдармен жүк көліктерін ашып, аккумуляторларын қолды етіп келген. Ұрланған мүлікті түрлі жерлерге өткізіп, ақшасын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 700 мың теңгеден астам қаржыны құрап отыр.

Аталған жайт бойынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы — «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің қолына ешқайда кетпеу туралы қолхат табыс етілді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Загрузка...