Оразалы Сәбден: «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін»

83 просмотров

Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі Оразалы  Сәбден бүгінгі отырыс барысында еліміздегі түйткілді мәселелерді дер кезінде шешіп отыратын Елбасының жанынан қоғамдық палата құруды ұсынды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Жерді сатпайық, шетелдіктерге жалға бермейік деп жатыр, мен оны құптаймын. Дұрысы – 49 жылға жалға беріп, игеру. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауыл шаруашылығын қалай қарқынды дамытамыз деген мәселені ойлауымыз керек. Керек болса, жобаларды жүзеге асырайық.

Менің мынадай ұсынысым бар. Біз барлық мәселені талқыладық, аз отырған жоқпыз. Халық күтіп отыр. Мүмкін Үкімет осы отырыстарды қорыта келе, шешім қабылдайтын болар? Мораторий енгізілуіне байланысты жұмыс тоқтап тұр. Осыған Парламент мүмкіндік беріп, заң қабылдап жіберсін.

Екінші мәселе, 10 сотық жер теліміне қатысты. Мұнда да тезірек шешім қабылдап, халыққа жерін бере бастасын»

– деді О.Сәбден.

Оның пікірінше, ауыл шаруашылығын дамыту үшін Үкімет стратегиялық мемлекеттік бағдарлама қабылдауы керек.

«Қазір бізде жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 5 пайызға жетпейді. Міне, осы көрсеткішті стратегиялық  бағдарлама арқылы 15-20 пайызға жеткізу керек.

Президент шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға жеткізуді тапсырды. Бұл салада қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Міне, осындай мәселелерді қоя білген жөн. Тағы бір айта кетерлігі, шағын шаруа қожалықтарына қаржы жетпей жатыр. Осы мәселені шешу үшін Қазақстанда агробанк құру керек», – деп толықтырды академик.

«Жалпы, қоғамда қордаланып қалған мәселелер бар. Жаңа бір мәселенің ұшы шықты. Сонда әр мәселе көтерілген сайын комиссия құра береміз бе?

Мен бір жоба жасадым. Елбасының жанынан қоғамдық палата құрып, әр облыстан оған білімді азаматтардан мүше тағайындау керек. Сонда осындай мәселенің бәрін қоғамдық палата шешіп отыратын еді», – деп түйіндеді О.Сәбден.

Загрузка...