Нығматулин табысты жария етудің мерзімінен кешігуін Қаржы министрлігінен көрді

41 просмотров

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкі бойынша жалпыға ортақ декларацияға көшуге даярлық бойынша жұмысты ҚР Қаржы министрлігі тиісті деңгейде атқара алмағанын мәлімдеді.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

«Мұнда отырғандардың барлығына естірткім келеді. Өйткені, кейбіреулері депутаттар қарсы деген қате түсінік беріп жатады. Атап айтқанда, депутаттар біраздан бері жалпыға ортақ декларациямен қамтылған. Сондықтан депутаттарда ешқандай да қорқыныш жоқ. Мәселенің мәнісіне тоқталатын болсақ, Қаржы министрлігі бұл жұмысты тиісті деңгейде атқармады және жалпыға ортақ декларациялау бойынша тапсырманы орындауға дайындықпен келе алмады, енді оны 2020 жылға шегеріп жатыр.

Ал Парламенттің қабырғасынан тыс шыққан кезде депутаттар қарсы деген түсінік беріп жатады. Осы ретте батылдық танытқандарыңыз жөн. Бұл ең алдымен Қаржы министрлігіне қатысты. Бұл жайында осында министрге айтылған болатын»,-деді Нұрлан Нығматулин ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында.

Естеріңізге сала кетейік, «Салық салу және кедендік әкімшілеу мәселелерді жөніндегі ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен қосымшалар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев техникалық себептерге байланысты жеке тұлғалардың кірісі мен мүлкі бойынша жалпыға ортақ декларацияға көшу 2020 жылға дейін тежелетінін айтқан болатын.

«Қолданыстағы заңнамада жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялауға кезең-кезеңмен көшуі қарастырылған. Бірінші кезеңде 2017 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, судьялар, басқарушылық және әкімшілік бейіндегі ұлттық компания қызметкерлері, сонымен бірге бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері декларация тапсыра бастауы тиіс болатын. Ал, екінші кезеңде қалған барлық жеке тұлғалар тапсырады.

Дегенмен, ағымдағы жылы жалпыға ортақ декларациялауға көшуге дайындық жұмыстарын жүргізу барысында ақпараттық жүйедегі бірқатар кемшіліктер анықталды. Ол аталған процесті жүзеге асыруға кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыған орай, 2020 жылдан бастап, бір кезеңмен жалпыға ортақ декаларациялау енгізуді көздейтін өзгертулер ұсынылады», — деді Бишімбаев.

Загрузка...