Ницца қаласында тұрып жатқан қазақстандық спортшылардың отбасы аман-есен

20 просмотров

Францияның Ницца қаласындағы террорлық шабуылдан қазақстандық спортшылар ешқандай зардап шеккен жоқ.

Бұл туралы танымал спорт журналисі Дина Тұрарқызы өзінің facebook-тегі жеке парақшасында жазды.

«Таң ата әлеуметтік желіден Францияның Ницца қаласында террорлық акт болғанын естіп, осы қалада тұратын досым, Астана велокомандасының бұрынғы шабандозы Сергей Яковлевке xабарластым. Қазақстандық велошабандоздар мен команданың қазақстандық қызметкерлерінің басым бөлігі осы қалада отбасымен бірге тұрады. Сергей жерлестеріміздің аман екенін айтты. Мерекелік шараларды тамашалап, оқиға болардан сәл бұрын үйлеріне қайтып кеткен», деп жазылған Динаның жеке парақшасында.

Естеріңізге сала кетейік, шілденің 14-і күні Ницца жағалауында Бастилия қамалын алу күнін тойлау барысында жүк көлігі адамдарды жапыра, басып өткен. Шабуылдың салдарынан 84 адам қаза тапты, оның ішінде балалар да бар, 100-ден астамы жарақаттанды.

Қанды жүк көлігінде отырған 31 жастағы Тунистен шыққан Ницца тұрғынының көзі жойылғанын Франция президенті өз мәлімдемесінде растады. Қазір күш құрылымдары оның сыбайластарының болғанын не болмағанын анықтап жатыр.

Загрузка...