Шекарашыға өнертапқыштығы үшін әскери атақ берілді

81 просмотров

Шекарашылар күні қарсаңында еліміздің оңтүстігіндегі Сарыағаш ауданына қарасты «Дархан» заставасының бастығы, капитан Фархад Какимов мерзімінен бұрын «майор» шенін алды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әскери атақ оған үздік қызметі үшін ғана емес, сонымен бірге өнертапқыштығы үшін де беріліп отыр.

Аталған офицердің қырағылығының арқасында 2015 жылы шекара режимін бұзған 40 адам, сондай-ақ мемлекеттік шекараны бұзған 3 адам ұсталды. Биылғы жылдың басынан бері қарай шекара режимін бұзған 9 адам ұсталды. Ұсталғандардың көпшілігі құжаттары дұрыс емес көрші елден келе жатқан мигаранттар.

Құрылғыны ойлап тауып, жасаған — «Дархан» заставасының бастығы капитан Фархад Какимов.

Құрылғы өте қарапайым. Онда ешқандай да микрочиптер жоқ, бар-жоғы екі қазық қағылып, ортасына жіп керілген, оған велосипедтің қоңырауы орнатылған.

— Бұл құрылғыны біз негізінен кешке қарай, немесе түк көрінбейтін кездерде, онда да осы жерден өтуі мүмкін-ау деген аймаққа орнатамыз. Із кесу жолағынан өткен шекара бұзушы осы жіпті аяғы іліп кетеді де, қоңырау ойнап шыға келеді, — дейді өнертапқыштың өзі оны таныстыра отырып, – осының арқасында біз 4 бірдей шекара бұзушыны ұстадық. Осылайша бұл маңнан шекара бұзушылар да азая түсуде.

Капитан Какимов Шығыс Қазақстан облысының шекара түбіндегі Мақаншы аулында туылған. Шұғыл қызметті Үшарал шекара отрядында атқарды, одан кейін өмірін шекара қызметімен байланыстыруды ойлап, ҚР ҰҚК Әскери институтына түсті.

Жоғары оқу орнын бітірген соң Тараз шекара отрядының десантты-шабуылдаушы заставасында қызмет етті. Қызмет барысында «Жас өркен», «Сыпатай батыр», «Қайрат» заставаларында қызмет атқарды. Ал 2014 жылы «Дархан» заставасының бастығы болып тағайындалды.

Отряд басшылығының айтуынша аталған заставаның аумағы ең күрделі учаскілерінің бірі болып саналады. Сондықтан да, бұл заставаға ең тәжірибелі, жауапкершілігі жоғары офицерлер тағайындалады екен.

— Бір жолы нардяқа түскен кезде, түн қараңғылығынан ештеңе көрінбей тұрды. Орнымнан кетіп қалайын десем, әлдекім өтіп кететіндей сезіндім, біреу менің кетіп қалуымды күтіп тұрғандай болды. Сондықтан, сәл ұзап барып, әлгі жерге қайта оралып отырдым. Бір кезде басыма осындай құрылғы ойлап табу туралы идея келді.

Құрылғы сынақтан жақсы өтіп, басшылық оны орнатуға рұқсат берді. Оны жасауға үлкен шығын да кетпейді. Әрі ықшам, әрі жинақы. Мұны басқа заставадағылар да қолдануда, жемісін көруде, — дейді ол.

Загрузка...