Екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай кәсіпқой боксқа ауысуы мүмкін.
Бұл туралы әйелдер боксы бойынша промоутерлік компанияның бас продюсері Сергей Завилейский мәлім етті.
Оның айтуынша, Қызайбаймен арада келіссөз жүріп жатыр.
– Алдағы уақытта Қазақстанға барамын. “Қазақстан барысы” турнирінің аясында қазақтың боксшы қыздарымен кездесіп, оларды біздің компанияға тартуға тырысамыз. Дәл қазір, біз Назым Қызайбаймен бірігіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Назым да кәсіпқой боксқа ауысуға кет әрі емес. Алайда бірқатар тетіктердің басын ашып алу қажет
– дейді бұл ретте Завилейский.
Айта кетсек, биылғы жылдың мамырында Назым Қызайбай екінші мәрте әлем чемпионы атанған болатын. Әлем чемпионатының ақтық сынында Назым Қытай боксшысымен кездесіп, айқын басымдықпен жеңген еді.