Назарбаев Франция президентіне Ниццадағы терактіге байланысты көңіл айтты

20 просмотров

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландқа Ницца қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Жеделхатта Қазақстан Президенті 14 шілде күні Ницца қаласында болған террорлық акт салдарынан көптеген жазықсыз адамның қаза болғаны және зардап шеккені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген.

«Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды, қандай мақсатта болса да жазықсыз қан төгуді ақтауға болмайды деп санайды», — делінген жеделхатта.

Нұрсұлтан Назарбаев қайғыға ортақтаса отырып, барша қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан Франсуа Олландқа, терактіден көз жұмғандардардың отбасыларына және жақындарына, сондай-ақ француз халқына көңіл айтты.

Елбасы зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

РИА Новости агенттігінің дерегіне сүйенсек, кеше Францияның Ницца қаласында Бастилияны басып алу Күніне орай отшашуды көруге жағалауға жиналған адамдарға қарай жүк көлігі қойып кеткен.

Қайғылы оқиғаның куәгерлері жүк көлігінің от шашуды тамашалап тұрған қауымды боулингтегі кеглдерді жапырған секілді өте шыққанын айтады.

БАҚ-тардың мәліметінше, оқиға жергілікті уақыт бойынша 22.30-да болған. Жергілікті билік Ницца тұрғындарын үйден шықпауды сұрап отыр.

Басында теракт кезінде 10 адам мерт болды десе, бүгін оның саны 84-ке жетіп отыр. Отшашуды тамашалағандардың ішінде Қазақстанның 4 азаматы болған. Оларға ешқандай зақым келмеген.

Загрузка...