Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты қабылдады.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесуде Қ.Бишімбаев Елбасыға Қазақстанның биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту мен экономиканы қолдаудың негізгі тетігі болып отырған «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады.
Ұлттық экономика министрі өз баяндамасында 2016 жылғы 9 айда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 0,4 пайызға өскенін атап өтті.
«Құрылыс және көлік саласы, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы экономика өсімінің негізгі қозғаушы күші (драйвері) болып саналады. Көлемнің артуы құрылыста – 6,9 пайыз, ауыл шаруашылығында – 4,9 пайыз, көлік саласында – 4 пайыз, өңдеу өнеркәсібінде – 0,6 пайыз болып отыр. Сонымен бірге металлургия мен фармацевтика өнімдерінің, азық-түлік пен мұнай өңдеу өндірісінің мөлшері артқаны байқалады», – деді Қ.Бишімбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясындағы «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты үшінші институционалдық реформаның орындалу барысы жөнінде баяндалды.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.