ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, Жер реформасы жөніндегі комиссияның төрағасы Асқар Мырзахметов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке Атырауда өткен Комиссия отырысының қорытындысы туралы баяндады, деп хабарлайды PM.kz
«Комиссияның өңірлердегі жұмысында белгілі бір принциптер қалыптасқан, яғни талқылауға қатысушылар ашық түрде ешқандай шектеусіз нақты көтеріліп отырған мәселеге байланысты пікір айта алады, бұл тұрғыда оларға ешқандай шектеу қойылмайды», – дейді А.Мырзахметов.
Атыраудағы кездесуге жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, өңірдің шенеуніктері қатысты.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамыз айының соңында Үкімет отырысын өткізіп, жер реформасы бойынша алдағы қадамдарды анықтау үшін жақын арада Жер комиссиясы жұмысының нәтижелерін ұсыну қажет екенін мәлімдеген болатын.