Министрлік мектептерде смартфон ұстауға тыйым салу туралы ұсынысқа қатысты пікір білдірді

55 просмотров

ҚР Білім және ғылым министрлігі мектептерде смартфон ұстауға тыйым салу туралы прокурорлардың ұсыныстарына қатысты пікір білдірді.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына қатысты берген жауабында айтады. Алайда министрлік смартфондарды мектептерде қолдануға қатысты тыйымды енгізу туралы мәселе қарастырмаған болып шықты.

Министрліктің жазуынша, смартфондарға тыйым салуға қатысты шешімді оқушылардың ата-аналары ұстаздарымен бірлесіп шеше алады.

«Білім беру ұйымдарының құзыретіне ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту функциялары кіреді. Осылайша, ата-аналар кеңесінде смартфондарды мектепте қолдануға тыйым салуға қатысты мәселені талқылап, барлық пікірлерді саралай отырып, осы мәселені ішкі тәртіп пен ұйым жарғысына ортақ ұйғарымды енгізу арқылы шешуге болады», — делінген хабарламада.

Дегенмен, Білім және ғылым министрлігі аталған персоналды компьютердің қызметін атқаратын мұндай гаджеттердің білім қууға қажет пайдалы функциялары: электронды поштамен жұмыс, мәтіндік және электронды құжаттарды қарау мүмкіндігі барын да тілге тиек етті.

Еске сала кетсек, Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдрахимов мектептерде оқу жылында оқушылардың смартфон қолдануына тыйым салуды тапсырған болатын.

Мұндай ұсынысты Қостанай және Қызылорда облысының прокурорлары да жасады.

Прокурорлар смартфондарды қолдану білім беру процесіне кері әсерін тигізеді деп есептеп отыр.

Сонымен қатар, балалардың өміріне де қауіп төндіреді.

Қызылорда облысында прокуратура қызметкерлері «ВКонтакте» желісін тексеру барысында өзіне қол жұмсауды үгіттейтін парақшаларға 106 жеткіншек қатысқандығын анықтаған. Мобильді байланыстың кері әсерімен қатар, мектеп қабырғасында қымбат телефондардың ұрлығы да өршіп тұр. Негізінен, мектептерде орын алатын қылмыстардың 65 пайызына ұялы телефон себеп болатын көрінеді.

Загрузка...