Министр Павлодар облысындағы жаппай төбелеске қатысты пікір білдірді

245 просмотров

Павлодар облысының Қызылқақ ауылы тұрғындарының жаппай соққыға жығылуын бейкүнә ауылдықтардың таяқ жеуі деп біржақты бағалауға болмайды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Меніңше, таяу уақытта барлығын да егжей-тегжейлі білетін боласыздар. Сіздер айтып тұрғандай барлығы да біржақты әрі қарапайым емес екендігіне сендіргім келеді. Бұл жайтқа байланысты белгілі бір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Шыдамдылық керек және сіздер толық мән-жайды білетін боласыздар»,- деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Дәл осы оқиғаға байланысты ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пікір білдіруден бас тартқан болатын.

Естеріңізге сала кетсек, Павлодар облысының ішкі істер департаменті 14 қыркүйек күні Қызылқақ ауылында орын алған құқық қорғаушылармен жергілікті тұрғындар арасындағы «төбелеске» қатысты түсініктеме берген болатын. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген облыстық ІІД басшысының бірінші орынбасары Назымбек Жүнісов бұл оқиғаға қатысты ойын айтты.

Оның дерегіне сүйенсек, Ертіс ауданындағы тұзды көлді тексеру үшін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Жедел әрекет ететін жасақ қызметкерлері оқиға орнына аттанған. Жүнісовтің айтуынша, 11 қыркүйек күні Қызылқақ көлінің маңында ашуға бұлыққан ауыл тұрғындары көлдегі артемия шаянын аулауға еркін рұқсат беруді талап еткен.

«Ауыл тұрғындарына бұл әрекеттің заңсыз екені айтылған. Алайда, ауыл тұрғындарынан құралған бір топ адам шаян аулауын тоқтатпаған. 14 қыркүйек күні ауданға полицияның қосымша күші жіберілді. Қызылқақ ауылына барғанда, полицияның алдынан 20-25 адам шығып, құқық қорғаушыларды«қорқытып», көлдегі күзетті алып тастау туралы ультиматум қойған. Полиция оларды қолға түсірерде, бір адам қашып кетіп, тығылуға тырысқан. Оны ұстау барысында самбо әдісі қолданылды. Екінші адам мотоцикліне мініп қашпаққа әрекеттенгенде мотоциклінен құлап, жарақат алды»,-деп түсіндірді облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары.

Загрузка...