Мектеп оқушыларына оқулық 10 тамыздан кейін таратыла бастайды

50 просмотров

Астана қаласы Білім басқармасы қала мектептерінде білім алатын 129 мың оқушыны оқулықпен түгел қамтымақ.

Бұл туралы қалалық білім басқармасына сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлайды.

— Биыл қаладағы 129 мыңнан аса оқушы 100 пайыз оқулықпен қамтылады. Тендер жүргіздік, қазір оқулықтарды тасымалдау туралы келісімшарт жасасып жатырмыз. 10 тамызға дейін оқулықтардың барлығы мектептерге жетеді. 10 тамыздан кейін сынып жетекшілері оқулықтарды тарата бастайды. Сондықтан биыл оқулық сатып аламын деп ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ.

Ертең оқулық жеткізушілермен тағы жиналыс өткіземіз. Тағы да қайталап айтамын, астаналық оқушыларды 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етеміз, — деді журналистердің сұрағына жауап берген Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Егер оқулық жетпеген ата-ана болса, 55 01 62 нөмірі арқылы және 8778 255 01 62 телефонына WhatsApp қосымшасы арқылы Білім басқармасына хабарласуына болады.

Загрузка...