Білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтар мектеп формасын сатып алу үшін ақша жинауға қақысы жоқ.
Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрлігінің ресми сайтында хабарланды.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта жұртшылық тарапынан міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар жөнінде түсініктеме беру туралы сұраныстар жиі түсіп жатыр. Мектеп формасын енгізу жөніндегі шешімдерді қабылдауда мектеп басшылығы мен ата-аналар осы талаптарды қатаң басшылыққа алу керек. Аталған талаптар білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және оқушылардың арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталып отыр.
“Мектеп формасының қандай болу керектігін анықтау құқығы мектеп педагогтары мен ата-аналар (қоғамдық немесе қамқоршылық кеңестер, ата-аналар комитеті) еншісіне беріліп отыр. Мектеп басшылығының форманы нақты бір өндірушіден алуды талап етуге, сондай-ақ, мектепте оқушы киімдерін сатуды ұйымдастыруға құқығы жоқ. Білім беру ұйымдарының басшылығы мен мұғалімдерінің ата-аналардан оқу формасын сатып алу мақсатында қаражат жинауына жол берілмеуі тиіс”, — делінген хабарламада.