Масқара! Алматыдағы «Алғабас-6» ықшамауданында тағы екі үй қисайып қалды

1 114 просмотров

Алматыдағы «Алғабас-6» ықшамауданында тағы бір үйдің қабырғасы қисайды. Тоғыз қабатты нысанның бір жағына қарай жантайғанын жергілікті тұрғындар байқаған екен. Сондықтан олар қауіпті үйді дереу тексеру керек деп дабыл қағуда. Алайда халықтың жанайқайына құлақ асар жан болмай отыр. Айта кетейік, бұл – аталған ықшамауданда жұрттың зәресін ұшырған үшінші нысан. 

Бұл туралы КТК хабарлады.

Атышулы Алғабастағы апатты үйлердің саны тағы да арта түсуі мүмкін. Өйткені мұндағы жұрт 156 және 158-ші үйлердің де қабырғасы қисайды деп дабыл қағуда. Яғни бір-біріне жапсарлас салынған тоғыз қабатты қос үйдің үстіңгі қабаттары ауытқи бастапты. Мемлекеттік бағдарламамен салынған баспаналардың бір жағына қарай жантайып тұрғанын тұрғындар бір апта бұрын байқаған екен.

Күлшария Еламанова, Алматы қаласының тұрғыны:

-15-16 жыл кезекте тұрып бір күні астына түсіп кетеміз бе әлде құлап қала ма, бала-шаға арам өле ме деп қорқамыз. Күнімен-түнімен қорқамыз.

Бойын қорқыныш билеген жұрт үйлерінің апатты жағдайда тұрғанын айтып атқамінерлерге шағымданған. Алайда оған ешкім құлақ аспады дейді ашынғандар. Тіпті төтенше жағдай қызметкерлері де «қорыққанға қос көрінеді» деп телефон тұтқасын тастай салатын көрінеді. Сондықтан жиналғандар жауапты мамандардан үйдің қаншалықты қауіпті-қауіпсіз екенін тексеріп, нақты қорытынды шығарып берулерін талап етіп отыр.

Ақмарал Әмірова, Алматы қаласының тұрғыны

-Екі күн бұрын артқы жақта комиссия жүр дегесін бардық. Акиматтан бір кісі болған соған жолығып жағдайды айттық. Жанымыздағы үйдің қисайғанын айттық, нөмірін көрсеттік. Ол кісі айтты қазір жарты сағаттан келеміз, көреміз өзім визуально қарап ертең специалисть жібереміз деген. Одан бері үш күн өтті.

Осылайша халықты алдаған шенеуніктер ешкімге ұстатар емес. Тіпті тілшілерге де тұщымды жауап беруден жалтаруда. Ал Алғабастағы апатты үйлерге қатысты өткізген жиындары жабық есік жағдайында өтеді екен.

Атқамінерлердің халықтан қашатындай да жөні бар. Себебі, Алғабастағы апатты үйлердің саны күн санап көбейіп келеді. Яғни сенімді ақпарат көздерінің айтуынша қазір бұл кешендегі тоғыз қабатты 11 үйдің қабырғасы қисайған көрінеді. Сондықтан ең қауіпті деген үш нысанның айналасы қоршалып, қазір іргетасы нығайтылуда.

24759

Загрузка...