Маман мектептен көмек алу үшін қандай құжаттар қажеттігі туралы айтты

61 просмотров

Елордада өтiп жатқан «Мектепке жол» жәрмеңкесi кезінде арнайы құрылған палаткада заңгерлер мен мамандар ата-аналарға тегiн кеңес бердi.

Ол арада мектептегі оқушы баласына материалдық көмек алу үшін қандай құжаттар қажет екендігі де айтылды деп хабарлады BNews.kz.

— Мектепке жол» акциясы аясында бүгiн 50 балаға рюкзак тегін таратылды, түстен кейiн тағы 80 балаға сөмке мен мектеп формалары берiледi. Көмек демеушiлердiң қолдауымен жасалып отыр. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасылар да назардан тыс қалмайды. Бұл санатқа енетiндер қалай анықталады, оларға қандай көмек көрсетiледi деген сынды сауалдар бiзге бүгiн жиi қойылып жатыр.

Ол үшiн ата-аналар мектепке келіп, көп балалы ана екенiн дәлелдейтiн куәлiгiн көрсетуi тиiс. Жолдасының жұмыс iстейтiн-iстемейтiнi туралы құжат қажет, егер жұмыс iстесе, еңбекақысы туралы қағаз, жұмыс iстемесе еңбекпен қамту орталығынан құжат керек. Соның бәрi есептелiп, орташа айлық еңбекақы отбасы мүшелерiне бөлiнедi. Сондағы еңбек табысы ең төменгi орташа айлықтан аз болса, көмек көрсетiледi, егер асып кетсе, онда көмек көрсетiлмейдi, — дедi Астана қалалық бiлiм басқармасының бас маманы Тоқташ Жұмабаев.

Маманның айтуынша, қазiргi таңда ең төменгi орташа айлық 22 мың 835 теңгенi құрайды. Егер құжаттар жиналып, жанұя осы санатқа енетiн болса, балаларға тегiн жолақы билеттерi берiледi, олар тегiн тамақтанады және мектеп қорынан киiм-кешек пен кеңсе тауарлары түрiнде көмек көрсетіледі.

Атап өтсек, елордада 1-4 сынып оқушыларының барлығы тегiн тамақтанады. Сондай-ақ көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары да тегiн тамақпен қамтылады, тек тұрмысы төмен отбасы санатына жататынын дәлелдейтiн құжат болса болғаны.

Загрузка...