Маңғыстау облысында соңғы тиынын құмар ойындарға салып, отбасынан ажырасып жатқандар көбейіп барады.
Бұл туралы 31 арна хабарлап отыр.
Осының кесірінен жыл басынан бері жиырма шақты жанұяның шаңырағы шайқалған. Сондықтан тұрғындар облыстағы ойын автоматтарын дереу жабу жөнінде орган өкілдеріне жаппай арызданып жатыр. Тіпті алғашқы нәтиже де жоқ емес. Мысалы, Жаңаөзенде отызға жуық букмекерлік кеңсе жабылған.
Асқар, тұрғын:
– Басында ұтыстармен үйге келіп жүрдім, кейін ұтыла бастадым. Әрқайсысына барып ойнап қарадым. Құмарланып ойнап кеттік. Қарайған ақшамды жібердім. Айлығымды жібердім. Соның арасында айқай-шу болды. Ақша үйге келмегеннен кейін. Үйде айқай жанжал болды.
Арнайы рейд кезінде тексерілген Жаңаөзендегі отыз букмерлік кеңсе жабылды. Соның бірі мына инбет. Ақша салып, экран бетіне телміріп тұрғандарды тәртіп сақшалары сыртқа шығарды. Әп-сәтте барлық ойын автоматтары мен өзге де мүліктер тәркіленіп, залдың іші қаңырап қалды.
Ажырасу дерегі еселеп кетпес үшін мамандар бір айда 56 кеңсе қызметіне қатаң шектеу қойып, 39 қылмыстық іс қозғады. Заңсыз жұмыс жасайтын әлі 62 -сі есепте.
Жергілікті прокурорлар «Құмар ойынсыз Маңғыстау» атты жоба жасақтады. Соның аясында жыл аяғына дейін қалған 60-тан астам құмар ойын ордасына құрық салынбақ.