Маңғыстауда 18 жастағы қызды зорлады деген үш күдікті құрықталды

80 просмотров

Маңғыстау облысында кәмелет жасқа жаңа толған қызды зорлады деген күдікпен үш жігіт ұсталды. Бұл туралы жергілікті құқық қорғау органына сілтеме жасаған lada.kz хабарлайды.

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сарға ауылының 18 жастағы тұрғыны өзін үш жігіт зорлады деп полцияға шағым түсірген.

Жақында ғана кәмелет жасқа толғанын атап өткен қыздың айтуынша, сол күні кешкісін ол құрбысының үйінен қайтып келе жатқан. Үйіне жақындап қалғанда алдынан көрші ауылдың таныс жігіті шығып, оны отырысқа шақырады.

Бұл ұсыныстан бас тартқан қыздың жауабы жігітке ұнамайды. Ол жақын маңдағы достарын шақырып алады да қызды күштеп, ауыл сыртындағы құрылысы аяқталмаған ғимаратқа апарып, зорлайды.

Қазіргі таңда бұл фактіге байланысты күдіктілер ретінде Бейнеу ауданына қарасты Бейнеу ауылының 22-23 жастағы азаматтары құрықталды.

Алдын ала келтірілген деректерге сүйенсек, жас жігіттер өз кінәсін толық мойындамаған. Қаскүнемдер бойжеткеннің өзі оларды жаңадан салынып жатқан ғимаратқа шақырғанын және сол жерде өзінің ықтиярымен жігіттермен жыныстық қатынасқа барғанын айтады.

Аталған факті бойынша қазір қылмыстық іс қозғалып, полиция болған оқиғаның анық-қанығын тексеріп жатыр.

Загрузка...