Ұлыбританияда референдум жарияланғаннан бастап ҚР Ұлттық банкі оның әлемдік қаржы және тауар нарықтарына әсерін жіті қадағалап отырды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. Оның пікірінше, Қазақстанның валюта және ақша нарықтарындағы қазіргі ахуал салыстырмалы түрде тұрақты.
Қазақстан қор биржасының таңертеңгі сессиясындағы сауда-саттық нәтижелері бойынша АҚШ долларының теңгеге шаққандағы орташа бағамы 340,07 деңгейінде тұрақтады. Кешегі күнмен салыстырғанда ұлттық валютаның әлсіреуі 1 пайызды құрады.
«Қазіргі уақытта Қазақстан қор биржасы күндізгі сессиясындағы ағымдағы сауда-саттық теңгенің шамалы нығаюын көрсетіп отыр. Себебі Ұлттық Банк ақша нарығында жаңа ақша-кредит саясатына өткен сәттен бастап алғаш рет алты айлық ноттарды жоспарлы түрде орналастырды» – деп түсіндірді бұл жайтты Ғалымжан Пірматов.
– ҚР Ұлттық банкі әлемдік қаржы және тауар нарықтарындағы ахуал мен Қазақстанның нарықтарына ықтимал әсер ету мониторингін әрі қарай жалғастырады, – дейді Ұлттық банк басшысының орынбасары.